Қазақстан EXPO көрмесін әлемдік деңгейде өткізіп, бүгінгі күннің маңызды тақырыбы – «Болашақ энергиясын» талқылауға жол ашты. Елордаға келіп, көрмені өз көзімен көрген поляк сарапшысы Томаш Шипула алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, Астана ЕХРО көрмесі Қазақстанды туристер мен бизнес үшін ашық әрі заманауи мемлекет екенін көрсетті.

ТОМАШ ШИПУЛА, PTAK WARSAW EXPO КӨРМЕ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - EXPO 2017 өте жоғары деңгейде өтті. Мен өз тәжірибемде әлем бойынша көптеген іс-шараларға қатыстым. Бірақ, мойындау керек, Астанадағы EXPO мен қатысқан жиындардың ішіндегі ең мықтысы. Нұр Әлем - EXPO-дағы ең әдемі павильондардың бірі болды. Ол жерде мұражай құру идеясын қолдаймын. Себебі көрме біткен соң да, халыққа қызмет етіп тұрады. Айта кетейін, біздің орталық үшін Астанадағы көрме жаңа серпін алуға мүмкіндік берді. Қазақстанның кәсіпкерлерімен тілдесіп, оларды Польшадағы көрмеге өз тауарларымен келуге шақырдық. Қазақстандық бизнес өкілдерін асыға күтіп отырмыз.

Қазақстан болашақтың баламалы энергия көзінде екенін әлемге паш етті. Бундестаг депутаты Филипп Ленгсфельдт осылай дейді. Неміс саясаткері EXPO көрмесінде болып, шараның ұйымдастырылу барысына ғана емес, Астана қаласының футуристік сәулетіне де таң қалғанын жеткізді. Сондай-ақ өз сөзінде «төрткүл дүние көз тіккен көрме Қазақстан мен Германия қарым-қатынасын одан әрі жандандыра түсті»,-деп атап өтті.

ФИЛИПП ЛЕНГСФЕЛЬД, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

 - Ең алдымен, ГФР Президенті Штайнмайердің Қазақстанға келу маңыздылығын атап өтейін. Оның EXPO көрмесіне барып қайтуы шараның қаншалықты ауқымды, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты бағалы екенін айқындайды. Қазақстан біз үшін маңызды серіктес және болашаққа бірге қадам басуымызды жалғастыру керек. Ал EXPO Германия үшін өзекті тақырып. Әлемнің барлық елі болашақ энергиясы тақырыбында жобаларын ұсынды. Соны көру мен үшін қызық болды. Көп әсер алдым. Барлық павильондар ішінде Қазақстанның кешені ерекше. «Нұр Әлем» экспозициясы Астананың көркін аша түсері сөзсіз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер