Орта Азия елдері «жасыл» энергетиканы дамытуға ден қойды. Қазақстанның салалық министрлігінің мәліметіне сәйкес, республикада 2017 жылдың 1 жартыжылдығында 15 пайыз электр энергиясы қайта жаңғыртылатын энергия көздерінен өндірілген. Бүгінде ел аумағында сарқылмайтын табиғи ресурстардың негізінде жұмыс істейтін 50 станция бар. Олардың басым бөлігі жел күшін пайдаланады. Одан соң су мен күн қуаты кәдеге жаратылуда. Энергетика министрлігі мамандарының мәлімдеуінше 2020 жылы елімізде өндірілетін электр энергиясының 3 пайызы «жасыл» энергетиканың үлесінде болса, 2030 жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға дейін жеткізілмек. Экологиялық ресурстарды пайдалануды ынталандырудың заңнамалық тетіктері қарастырылмақ, Солардың бірі – «жасыл» энергияға бекітілген тарифтер енгізу.  

ЖЕҢІС ДҮЙСЕНОВ, ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ҚОЛДАУ ЖӨНІНДЕГІ ҚАРЖЫ-ЕСЕП АЙЫРЫСУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - 2013 жылы «Жаңғырмалы энергия көздерін қолдау туралы» заңына тиісті өзгертулер енгізілді. Атап айтсақ, құжат жаңартырған қуат көздерінің бекітілген тарифін және есеп-қаржы орталығын құру бойынша толықтырылды. Ондағы басты мақсат –баламалы қуат көздерін сатып алудың бірдей ортасын жасап 15 жыл бойы бекітілген тарифтермен тарату. Бұл инвесторларға жаңғырмалы энергия көздерінен өндірілген қуатты сатуға кепілдік береді.

Орта Азия елдерінің ішінде Қырғызстанның баламалы қуат көздерін пайдалану әлеуеті зор. Республиканың энергетика саласына швейцариялық инвесторлар қаржы құюға ниет білдірген. Олар қырғыз еліндегі гидростанцияларды жетілдіру бойынша бірнеше жобаны қолға алмақ. Қазір ел аумағында 19 ГЭС болса, соның 12-сі - кіші гидроэлектрстанция. Алайда сарапшылардың пайымдауынша  елдің су ресурстарының әлеуеті тағы жүз станция салуға жетерлік. Ал Өзбекстан энергетика секторында күн қуатын кәдеге жарату мүмкіндіктері шексіз. Өткен жылы Бұқара облысында мобильді күн электр станциясы іске қосылды. Кәсіпорынның ТМД аумағында баламасы жоқ. Облыс әкімшілігінің мәліметінше, оның қуаты ірі елді мекенді электр қуатымен қамтуға жетерлік. Аталған ел «қазір тұтынатын электр энергия көлемінен 40 есе артық қуатты күннен ала алады»,-деп бағалайды сарапшылар.

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Бірінші кезекте, Орта Азия елдерінде «жасыл» энергетиканы дамыту экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қайта жаңғыртылатын энергия көздерінің көмегімен экологияны сақтауға бүкіл әлем назар аударып отыр. Сондай-ақ жасыл энергетиканың дамуы мемлекеттердің экономикасына оң әсер етеді. Мысалы, Қазақстанда күн панельдерінің өндірісіне қажет кремний бар. Ал күн энергиясының әлеуеті мол Өзбекстан мен Тәжікстан осы ресурсты бізден импорттай алады.

Орта Азия елдерімен тәжірибе алмасу мақсатында Астанада ЕХРО халықаралық көрмесіне арналған алаңда «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі Халықаралық орталық құрылады. Аймақтық хабтың мамандары энергетика секторын трансформациялау, «жасыл» кәсіпкерлікке өту, эко-технологиялар мен үздік тәжірибелер трансферті мен оларды бейімдеу мәселелерімен айналысатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер