ЕХРО-2017 көрмесі Қазақстан экономикасының әр саласына оң әсерін тигізді. Халықаралық шара бірінші кезекте елімізде «жасыл» технологиялардың дамуына ықпал жасап, көрмеде ұсынылған озық жобалар өндіріс ошақтарында ендіріліп жатыр. ЕХРО шарапатын орта және шағын бизнес өкілдері де татуда. Отандық іскер азаматтар көрме уақытында табыстарын еселетіп қана қоймай, ұзақ мерзімді келісімдерге тұрып, сенімді серіктестер тапты. Отандық туристік әлеует артып, еліміз төрткүл дүниеге танылды. ЕХРО-2017 көрмесі кезінде үш ай бойы ағылған шетелдік саяхатшылар  Қазақстанмен жіті танысып, ұлттық құндылықтарымыз әлемге насихатталды. Ал біз ауқымды шараны өткізуден мол тәжірибе жинадық. 

ПАСКАЛЬ ЛОРО, ЕХРО-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ ФРАНЦИЯНЫҢ БАС  КОМИССАРЫ:

Шетелдік қонақтарды тарту үшін  алдымен елдің туристік әлеуеті мен елдің осы саладағы ахуалын толыққанды біліп алған жөн. Қазақстанды әлемнің танымал туристік аймағына айналдыру үшін бірінші кезекте үлкен ағынды қарсы алуға жарарлық инфрақұрылым қажет. ЕХРО туризм саласының жаңа дәуірін ашты десем қателеспеймін.    

Ауқымды халықаралық шара кезінде ЕХРО алаңы 5 миллионға тарта туристі қабылдады. Астананың қонақ үйлері шамамен 70 пайызға толыпты. Бұл қарқынды еселеп, саланың әлеуетін барынша пайдалану үшін елімізде  ЕХРО-2017 көрмесінің аясында «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды.

ТИМУР ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, «ҚАЗАҚ ТУРИЗМ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Біздің басты мақсат – ЕХРО  кезінде қалыптасқан туристік ағынды үзбей, әрі қарай еселей түсу. Сонымен қатар, ЕХРО кезінде жүктелген тапсырмалардың жүзеге асыуын қамтамасыз ету. Бұл тек туристердің елімізге деген қызығушылықтарын арттыру ғана емес, сонымен қатар, шетелдік саяхатшылардың инвестициясын тарту. Қызмет көрсету аясын кеңейтіп, қонақтарды күтудің сапасын жақсарту. Осылайша біз ішкі және сыртқы нарықта қатар жұмыс жасаймыз.  

ЕХРО-2017 көрмесі туристік нарықтың қыр-сырын танудың мүмкіндігін ашты. Сарапшылардың айтуынша, Қытай, Ресей, Индия, Иран, Тайланд, Индонезия, Малайзия мен Ветнам елдерінің Қазақстанға деген қызығушылығы арта түскен. Таяу Шығыс мемлекеттерінің азаматтары елімізде балық және саятшылық құруды қаласа, еуропалықтардың экотуризмге деген ынталары жоғары. Осылайша, ЕХРО Қазақстанға өзінің туристік әлеуетін толыққанды таныстыруға айрықша мүмкіндік берді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер