Астана ЕХРО көрмесіне қатысқан мемлекеттер шараның нәтижелі өткенін айтуда. Оның аясында көптеген тараптармен келіссөз өткізіп, тиімді келісімдерге қол жеткен. Көрмеде «Тақырыпты аша білу» номинациясында қола жүлдеге ие болған Украина өзге елдермен 11 меморандумға қол қойған.

СЕРГЕЙ САВЧУК, УКРАИНА МЕМЛЕКЕТТІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бірнеше аталымда жүлдегер атану еліміздің тиімді жұмыс атқарғанын білдіреді. Павильонымызда жүзден аса жоба ұсынылды. Олар күннен, жел мен биомассадан қуат алуға арналған. Енді жобаларды іске асыру үшін инвесторларды күтіп отырмыз. EXPO аясында біз бірнеше елдің компанияларымен меморандумға қол қойдық.

Астанада өткен көрме Украина мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайта түскені рас. Шара аясында қос мемлекет ортақ бизнес-форум өткізіп, екіжақты жобаларды жүргізуге келісті.

СЕРГЕЙ СВИСТИЛЬ, УКРАИНАНЫҢ САУДА-ӨНЕРКӘСІПТІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Көрме Украина мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға тағы бір мүмкіндік болды. Біздің бизнес-форумға 50-ден астам қазақстандық компания қатысты. Украинамен ынтымақ орнатуға ниет білдіргендер көп болды. Алдағы уақытта олармен жұмыс бастап, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз.

Татьяна Люлька Астанада өткен көрмеге Украинаның екі бірдей бизнес-делегациясын алып келді. Бизнес-журнал редакторы екі ауқымды жобаны іске асыра алғанын айтады. Сөйтіп, Астанада «Балалардың мамандар қаласы» шарасын өткізіп, өз өкілдігін ашқан.

ТАТЬЯНА ЛЮЛЬКА, COMMUNITY ЖУРНАЛЫНЫҢ ШЕФ РЕДАКТОРЫ:

 - Астанадағы көрменің арқасында еліміз өз мүмкіндіктерін жария етуге қаншалықты дайын екенін түсіне алды. Жасыратыны жоқ, кейбір жағдайда әлі дайын емеспіз. Кейбір жобаларды аяғына дейін жеткізу керек. Десе де Украинада беделді компаниялар аз емес. Бізде түрлі технологиялар бар. Оларды сатуға да мүмкіндігіміз бар.

EXPO 2017 барысында украиналық павильонда шамамен 900 мың адам болыпты. Арасында бизнес өкілдерімен қатар туристер де бар. Ал көрмеге қатысушы елдер арасында Астанаға ең көп жолаушылар дәл осы Украинадан келген екен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер