Астана EXPO-2017 Қазақстан мен Польша қарым-қатынасына жаңа серпін берді. Шара аясында өткен ресми делегациялардың келіссөздері, бизнес форумдар, мәдени кештер қос елдің ынтымағын нығайта түскені анық. Ең алдымен, көрме тақырыбын қаперге алған поляктар қонақтарды «көгілдір» көмірмен таң қалдырды. Ал павильонын безендіруде қолданған ерекше шешімдерінің арқасында бұл ел «Дизайн» аталымы бойынша марапатқа ие болды.

НИНА ДОБЖЫНЬСКА, КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Алтын жүлде біз үшін тосын сый болды. Ұжым үшін өте қуанышты жаңалық. EXPO көрмесінде Польша ең белсенді қатысушылардың бірі болғанын атап айтқым келеді. «Орман күні», «Польша күні», «Спорт күні» сынды жұрт көңілінен шыққан бірнеше шараны өткіздік. Көрме ұйымдастырушыларына айтар алғысым шексіз. Жоғары деңгейде өткен EXPO - халықтың есінде көпке дейін қалары сөзсіз.

EXPO көрмесін тамашалау үшін ел президенті Анджей Дуданың өзі арнайы келді. Қазақстанда мемлекеттік сапармен болған ол жоғарғы деңгейде келіссөз өткізіп, EXPO алаңында ұйымдастырылған «Польшаның ұлттық күні» шарасына да қатысты.

МАРГУЛАН БАЙМУХАН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан мен Польша тарапы да бұл сапарға жоғары баға беріп отыр. Былтыр Елбасымыз Польшада болды. Екі ел арасындағы байланыс Анджей Дуданың Астанаға арнаған сапарынан кейін нығая түсті. Әрине екі мемлекет басшысының кездесуі екіжақты ынтымақты кеңейтуге зор серпін берді.

Еуропалық серіктестеріміз ынтымақтастықты тереңдетуге деген қызуғушылығын жасырмады. EXPO аясында өткен Қазақстан-Польша бизнес-форумы көптеген польшалық инвесторлар мен кәсіпкерлердің басын қосты. Делегаттар болашақ жобалар, ортақ кәсіпорындар мен инвестицияларға қатысты мәселелерді талқылаған соң, келісімшарттарға қол қойды.

ПШЕМЫСЛАВ СЫПНЕВСКИЙ, POCZTA POLSKA КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Астанадағы EXPO көрмесі өте жоғарғы деңгейде өтті. Тек көрме ғана емес, қаланың өзі маған айрықша әсер қалдырды. Менің ойымша, Қазпоштамен жасалған келісім ынтымағымыздың нығаюына оң әсерін тигізеді. Яғни бұның болашақта инвестициялар мен ортақ жобалардың жүзеге асуына зор септігі бар. Қазақстан біздің маңызды серіктесіміз. Жібек жолы жобасының аясында үлкен мүмкіндіктердің ашылатынын атап өткім келеді.

ЯДВИГА ЭМИЛЕВИЧ, ПОЛЬШАНЫҢ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - EXPO аяқталды, енді көрме кезінде өткен кәсіпкерлер мен инвесторлар арасындағы кездесулер нәтижесінде біршама жетістікке қол жеткіземіз деп есептейміз. Біздің инвесторлар қазақстандық серіктестерімен өте жақсы байланыс орнатқан. Біз олардың инвестиция құюға әзір екенін көріп отырмыз. Жыл басынан бері Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 60 пайызға артты. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз.

Ауыл шаруашылығы, құрылыс, дәрі-дәрмек өндірісі. Қазақстан мен Польша бұл салаларда әлдеқашан бірге жұмыс істеп келеді. Сарапшылардың пікірінше, екіжақты ынтымақтастықтың келешегінен зор үміт күттіретін басқа да бағыттар бар. Сондықтан сырттан келетін инвестицияның көлемін арттырып, екі ел арасындағы ынтымақты жаңа деңгейге көтеру керек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер