Қазақстанда ЕХРО-да таныстырылған энергетикалық жобалардың жол картасы бекітіледі. Осылайша, 2020 жылға қарай тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және ғимараттарға электр қуатын жинайтын терезелер орнатылып, жарық және жылуды күн сәулесі энергиясынан алатын жүйелер іске қосылуы мүмкін. ЕХРО көрмесінде кеңінен паш етілген экологиялық таза қуатты әртарапты пайдалану төңірегіндегі бастамаларды енді аймақтардағы түрлі салаларда қолдану көзделіп отыр. «Жасыл технологиялар» тәжірибесі нақты іс жүзінде 2014 жылы Арнасай ауылында жүзеге асырыла бастады.

ЕЛДОС АБАҚАНОВ, «ҚР ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ РЕСУРС ҮНЕМДЕУ ҚОҒАМДЫҚ ПАЛАТАСЫ» ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Арнасай орталығында 35 технология орнатылған. Бүгінде бір жарым миллион теңгеге жыл сайын үнемдеу алып келіп отыр. Одан бөлек технологиялар жөнінде айтатын болсақ, энергия жағынан тиімді терезелер бар, шамдар бар, екі жылыжай орнатылған. Одан бөлек күн коллекторлары деген технологияларды бүгінде біз эксплуатациялап, нәтижесін көріп отырмыз.

Жалпы, энергетика саласы бойынша 105 жаңа жоба іріктелген болатын. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда ауыл шаруашылығы дамығандықтан, мұнда су тазарту және тарату қондырғылары орнатылады. Оңтүстікте кәсіпорындарды күн сәулесінің қуатымен қамту технологиялары пайдаланылады. Орталықта жел станцияларын қою көзделіп отырса, Батыста гидротехнология дамымақ. Бастысы, бұл жобалар мемлекеттік қаржыдан ғана емес, шетелдік инвестициялар тарту арқылы және жеке кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге аспақ.

АЙНҰР СОСПАНОВА, ҚР ЭМ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Аталған жобалардың барлығы энергетика жүйесін дамытуға арналған. Оның ішінде электр және жылу энергиясының генерациясы, газ өндіру, су ресурстарын пайдалану, өнеркәсіп қалдықтарын бас­қару мен тұтыну бойынша тың технологиялар бар. Қазір осы бастамаларды жүзеге асыру аймақтарын белгілеу және қаржыландыру тетіктерін қарастырып жатырмыз.

«Жасыл экономиканы» дамытуға арналған технологиялық жобалар осы айдың аяғына дейін құжат түрінде бекітіледі. Жергілікті атқарушы органдар қазір баламалы технологияларды пайдаланатын аймақтарды іріктеп, инвесторлар іздеп, тиісті жол картасын әзірлеп жатыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер