EXPO 2017 көрмесіне қатысқан британиялық делегация жаһандық шараның сәтті өтуімен Қазақстанды құттықтап жатыр. Олар көрме тізгіншілерінің ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болғандарын айта келе, шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан барша жұртшылыққа алғысын білдіреді.

САРА ЭВЕРЕТТ, ЕХРО 2017 ҰЛЫБРИТАНИЯ ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біз үшін бұл ерекше тәжірибе болды. Көрме нысандары өте керемет – сәулет өнерінің тамаша туындылары десе болғандай. Біріккен Корольдік үшін ерекше орын белгіленді. «Ең үздік дизайн» аталымы бойынша күміс жүлдегер болғанымызға қуаныштымыз. Бізде жарты миллионнан астам адам қонақ болды. Мен Қазақстанды және шараның жоғары деңгейде өтуі үшін тер төккен адамдарды көрменің сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын.

Бундестаг депутаттары да Қазақстан EXPO 2017 көрмесін сәтті өткізді деген пікірде. Юрген Климке «Болашақ энергиясы» әлемнің барлық елі үшін өзекті тақырып екенін айтады. «Баламалы энергетика саласындағы соңғы инновацияларды Астанаға жинау арқылы Қазақстан қатысушыларға тәжірибе алмасып, болашақта осы технологияларды қалай қолдануға болатынын бірлесе шешуге мүмкіндік берді»,-дейді парламентарий.  

ЮРГЕН КЛИМКЕ, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

 - 3 ай ішінде ұзақ мерзімге көзделген ынтықмақтастық құрудың негізі қаланды. Дамыған мемлекеттермен қатар шағын елдердің де қатысқаны дұрыс болды. Олар өзгелермен бірдей болашаққа деген көзқарасымен бөлісті. Енді Астанадағы көрмеде көрсетілген инновациялық технологиялардың көбі әлемге басқа көзбен қарауға мүмкіндік береді.

Астана EXPO көрмесі Қазақстанның танымалдылығын арттыра түсті, дейді  Латвия көлік министрлігінің өкілі Улдис Рейманис.

УЛДИС РЕЙМАНИС, ЛАТВИЯ КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Менің ойымша 176 мемлекеттен ЭКСПО-ны көруге келген 4 млн адам және шараның өтуіне атсалысқан 4 мың ерікті Қазақстанның атын әлемге әйгілі етті. Басқа мемлекеттерге бара алмайтындар үшін Қазақстан үлкен жағдай жасаған. ЭКСПО аясында 100-ге жуық мемлекет өз жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, келушілерге толық мәлімет берді. Арнайы шақыртумен көрменің жабылу салтанатына мен де қатыстым. Онда Латвия павильоны инновациялық және дизайнерлік жағынан үшінші орынды алды. Жоғары баға бергені үшін Қазақстанға алғысымызды білдіреміз. Мен өзім көрмеге үш рет бардым. Бірі Латвия президентімен, бірі комиссарлар отырысында және жабылуында. Салтанатты рәсімге 17 президент қатысып, елдің мүмкіндіктерін көрді. Қазақстан өзін өте жоғары деңгейде көрсете алды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер