Астана EXPO 2017 – мамандандырылған көрмені өткізетін өзге елдерге үлгі. Париждегі халықаралық көрме бюросы елімізде өткен шараға жоғары баға берді. EXPO 2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген мемлекет саны 115, ал халықаралық ұйым саны 22-ге жетті.

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ, ASTANA EXPO 2017 КОМИССАРЫ:

- Халықаралық көрме бюросының талаптарына сай жұмыс істедік. Сондықтан бізге жоғары баға қойды. Халықаралық көрме бюросы Астана ЕХРО 2017 көрмесі болашақта өзге елдерге үлгі болатынын айтты. Сондай-ақ, 2019 жылы Пекинде өтетін көрме жайында айтылды. 2020 жылы Дубайда жоспарланған көрменің дайындығы әңгімеге арқау болды. Біз енді бір айдан кейін өтетін Халықаралық көрме бюросы Бас Ассамблеясында қорытынды баяндама жасауға дайындаламыз.

Кездесу барысында Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Винсенте Лоссерталес Қазақстанды EXPO көрмесін сәтті өткізуімен құттықтады. Көрмені өткізуде ерекше ықылас білдіріп, қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысын білдірді.

ДИМИТРИЙ КЕРКЕНТЗЕС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ БЮРОСЫ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- EXPO 2017 қазақстандықтар үшін  маңызды шара болғаны анық. Шара өте сәтті өтті. Келушілер көп болды. Қаншама мемлекет қатысты?! Қазақстан жоғары деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Ұйымдастырушылар, қатысушы мемлекеттер көрменің тақырыбын аша алды.  Келушілер «Болашақ энергиясы» тақырыбында мәлімет алды. Ең бастысы өз көздерімен көріп, сезінуге мүмкіндігі болды. Шынымды айтсам, көрме аумағының дөңгелек болғаны мені таңқалдырды. Алғаш рет көрдім. Сондықтан болар, қалашық аумағында жүру өте ыңғайлы, еш қиындық тудырмады. Бұл идеяны болашақта өзге мемлекеттерге ұсынар едім.

Жиында «Бейжің 2019», «Дубай 2020» көрмелеріне дайындық жайы пысықталды. Сондай-ақ, 2022 жылы өтетін EXPO көрмесіне үміткерлер жайы талқыланды. Келесі мамандандырылған көрменің қайда өтетіні қарашада дауыс беру арқылы анықталады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер