Астана ЕХРО 2017 халықаралық көрмесі - ТМД аумағындағы ең айтулы оқиға. Бұрын-соңды мұндай ауқымды іс-шара бұл аймақта өткен емес, дейді энергетика саласының сарапшысы Ильхам Шабан. Оның айтуынша, Астанадағы көрме жасыл экономиканың жақын болашақтағы даму бағытын айқындап, энергетика саласындағы жаңа технологиялардың басын қосты.

ИЛЬХАМ ШАБАН, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ  /ӘЗЕРБАЙЖАН/:

 - Қазақстан өз болашағын жасыл экономикамен байланыстырады. Қазақ елі көмірсутегіне бай мемлекет. Мысалы, жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай мен 40 миллиард шаршы метр газ өндіреді. Алайда Қазақстан қуат көздерін үнемдеуге бағытталған жасыл экономикаға басымдық береді. Сондықтан Қазақстан осындай ірі іс-шараны өткізіп, тың технологиялардың басын қосты. Алдағы он жылда энергетика саласындағы технологиялар қалай дамитынын өзге мемлекеттерге паш етті.

ЕХРО 2017 көрмесі аясында еларалық мәдени және технологиялық байланыс орнады, дейді оңтүстіккореялық компанияның бас менеджері Че Джун Хо. Астанада өткен көрмеде оның мердігерлік ұйымы Катар павильонының құрылысымен айналысқан. Че Джун Хо көрменің барлық павильонын көріп, «Нұр Әлем» кешенін ұнатыпты.

ЧЕ ДЖУН ХО, КОМПАНИЯНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ /КОРЕЯ/:

 - Астанада өткен көрменің қызметкерлері өте жас, жігерлі және қайратты болды. Менің ойымша дәл осы себепті кез-келген павильон жайлы керекті мәліметтерді білу оңайға соқты. Ал, қатты ұнағаны шар тәріздес Қазақстанның кешені. Ол тек павильон емес, болашақтың энергиясын көрсететін экранға айналды. Сондай-ақ, Астананың жылы шырайлы тұрғындары есімде қалды. Олармен оңай тіл табысып, жақсы әсерде қалдым.

Елордадағы халықаралық көрмеден ақпарат таратқан журналистер де өз пікірлерін білдіріп жатыр. Әзербайжан журналисі Али Саид шараның жоғары деңгейде өткенін, қызмет көрсету саласы да мінсіз жұмыс істегенін алға тартып, Қазақстанның алдағы кезде де кешенді шаралар өткізу мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

АЛИ САИД, ЖУРНАЛИСТ /ӘЗЕРБАЙЖАН/:

 - Астанада болған кезімде көрмені екі күн араладым. ЕХРО 2017 жоғары деңгейді өтті деп айта аламын. Мұндай деңгейге жете алған ешкім жоқ. Олай дейтінім мен көптеген көрмелерде болдым. Көрме кешенің салынуында да ерекше бір астар жатқандай. Бірнеше гектарға созылған павильондар. Көрме және сауда орталықтары да ішінде орналысыпты. Ең ғажабы – ақпараттық жүйе сауатты ұйымдастырылған. Қауіпсіздік мәселесіне жете мән берілген. Адасып кетуің мүмкін емес. Қазақстанның ұйымдастыру қабылетіне бас идік. ЕХРО өткізетін елдер қазақтардан үйренсін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер