Астана EXPO 2017 халықаралық көрмесі қатысушылар мен қонақтар тарапынан жоғары баға мен жағымды пікірге ие болды. Өйткені «Болашақ энергиясы» көрмесі өз мақсатын сәтті орындады. Сөйтіп, жасыл технология саласындағы үздік жаңалықтарды әлемге паш етті. ШЫҰ павильонының атқарушы директоры Сунь Ли осылай дейді. Ол көрменің ел экономикасының дамуына қосқан мультипликативті әсерін де ерекше атап өтті. Айта кетейік, Астана ЕХРО 2017 көрмесінде «тақырыпты ашу» номинациясында күміс жүлдегер атанған Қытай павильонын 500 мыңдай адам тамашалаған. 

СУНЬ ЛИ, ШЫҰ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен үшін ЕХРО мықты елге тән мінез бен ақжарқын пейілдің көрінісі болды. Осы маңызды шара арқылы Қазақстан жасыл энергетиканы дамытуға деген ұмтылысын көрсетті. Әлем жұрты Қазақ елін жақыннан танып, мәдени құндылықтарына қанықты деп ойлаймын. Әлемде қанша жерде болсам да, соның ішінде Астана маған үлкен әсер қалдырған қаланың бірі. Астана аспанға тиіп тұрғандай, қолыңды созып ақша бұлттарды ұстауға болатындай сезіледі. Осы көк аспан астындағы Сарыарқаның жазығына жайғасқан қаланың ауасымен тоқсан күн тыныстаудың өзі бір ғанибет.

ЕХРО-2017 көрмесінің жабылу салтанатына бар күшін салған ұйымдастырушылардың кәсіби біліктілігі іс шараны жоғарғы деңгейде өткізуге мүмкіндік берді. Көрменің соңғы күнін көгілдір экран арқылы тамашалаған украиналық көрермен осындай пікірде.

ТАТЬЯНА СУПРУН, КИЕВ ТҰРҒЫНЫ:

 - Жабылу салтанатының ауқымдылығы, жарқындығы керемет әсер қалдырды. Экран арқылы байқағаным, айтулы сәтті тамашалауға 20-ға жуық мемлекет басшылары мен өзге де сыйлы қонақтар қатысты. Машақаты көп шаруа болса да, ұйымдастыру комитетінің қолынан келді деп есептеймін. 115-тен астам мемлекет қатысқандықтан, бұл жерде тәртіп пен үйлесімділіктің рөлі ауқымды. Қауіпсіздік шаралары да жоғарғы деңгейде жүзеге асырылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер