EXPO көрмесінде еуропалық атмосфера да, қазақы қонақжайлық та сезілді. Көрмеге арнайы келген Латвия павильонының авторы, архитектор Агнесе Ласенің пікірі осындай. Ол халықаралық шараның архитектуралық бас символы «Нұр Әлем» шары ерекше таңқалдырғанын жасырмады.

АГНЕСЕ ЛАСЕ, АРХИТЕКТОР:

 - Қазақстан тарапы бізді құшақ жайып қарсы алды. «Нұр әлем» павильонының өзінде еуропалық атмосфера сезілді. Бәрі өте жақсы және жоғары деңгейде болды. Мен көрменің қақ ортасында орналасқан шар тәріздес кешеннен керемет әсер алдым. Ол жерде тек бірнеше сағат болдым. Дегенмен, павильонның іші жаңа және қызықты дүниелерге толы болғандықтан үш күн аралап көру керек сияқты. Архитектуралық көзқараспен айтқанда EXPO-дан соң шарды музей қылып қалдыру дұрыс шешім.

Ал Рига думасының депутаты Максим Толстой «EXPO Халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты елеулі әрі әсерлі оқиғаның бірі болды», дейді. Салтанатты шараны онлайн көрсетілім арқылы тамашалаған саясаткер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін тілге тиек етті.

МАКСИМ ТОЛСТОЙ, РИГА ДУМАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Бұл Халықаралық көрме Қазақстанның өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болды. Олар бірнеше жыл дайындалып қана қоймай, заманауи Қазақстанның бір сәттік кезеңіне жан бітіріп, қараса көз тоймайтын, ғаламат оқиғаға айналдырды. Көрменің жабылу салтанатын ерекше атап өткім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің терең ойлы сөзінде болашақта жаңа бағыттарға, жаңа белестерге жетелегені қатты ұнады. Біздің Қазақстанмен сындарлы қарым-қатынасымыз көрменің арқасында одан әрі алға басатыны сөзсіз. Латвияның Халықаралық көрмеге қатысқанына қуаныштымын. Қазақстанға алғысым шексіз.

Жоғары дәрежелі америкалық дипломат Ричард Хогланд EXPO-2017 көрмесін көріп жоғары баға берді. Ол 2008-2011 жылдар аралығында АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған. Сондай-ақ, бірнеше жыл Мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары және бір ай бұрын Европадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымы Минск тобының тең төрағасы ретінде өз миссиясын аяқтады.

РИЧАРД ХОГЛАНД, АМЕРИКАЛЫҚ ДИПЛОМАТ:

 - Шілде айында Астанадағы EXPO-2017 көрмесіне арнайы барып қайттым. Керемет кешеннің құрылысы қайран қалдырды. Менің білуімше бұл Қазақстан жоспарлаған ауқымды жобалардың бір парасы ғана. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болдыңыздар. Бұл да өте маңызды қадам. Президент Н.Назарбаев бұрынырақ өз сөзінде тәуелсіз мемлекет болу үшін, «Болашақ» атты халықаралық білім бағдарламасын құруымыз керек деген еді. Ал, бүгінде аталған бағдарламаның түлектері ел үкіметінде еңбек етіп, өздерін танытып та үлгерді. Өз басым, мұны кемел келешекке жол ашар жетістік деп санаймын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер