Елордадағы EXPO көрмесі Қазақстанның және Астананың танымалдығын арттырды. Маусым айында Қазақстанға келіп, Францияның ТВ5Монд телеарнасына Астана мен EXPO жайлы бірнеше деректі фильм әзірлеген бельгиялық журналист Антонио Бускардини осылай дейді. Аталған телеарнаның эфирінен Қазақстан жайында 4 деректі фильм мен EXPO-2017 көрмесіне арналған бір бағдарлама көрсетілді. Журналистің пікірінше, ЕХРО қалашығының инфрақұрылымы келешекте халықаралық ауқымды шараларды ұйымдастыруға  аса қолайлы.

АНТОНИО БУСКАРДИНИ, BRUSSELS EXPRESS БАС РЕДАКТОРЫ:

Инфрақұрылым – маңызды шаралар өткізуге қолайлы орын. Сондықтан да фильм даярлау барысында менің ең басты сұрақтарымның бірі осы болды. Кейін бұл аумақ қандай мақсатта пайдаланылады? Мысалы, 1994 жылы Лиссабонда бой көтерген қалашық әлі күнге дейін қолданыста. Ал Барселонада керісінше, кейбір құрылым қолданыстан шыққан. EXPO-2017 көрмесінің өзіндік артықшылығы бар. Енді қалашықта халықаралық қаржы орталығы орналасады. Астана – Орталық Азияның нағыз қаржылық хабына айнала алады деген сөз. Бірнеше павильон сол мақсатта қолданылуы мүмкін деп ойлаймын.

EXPO-2017 көрмесінен алған әсерімен Грузия азаматтары да бөлісіп жатыр. Тбилисиден келген қонақтарға Қазақстан павильоны ерекше көрініп, қатты ұнаған. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі көрмеге өз мемлекетінің атсалысқанына дән риза.

СОФИЯ АГАПИШВИЛИ /ГРУЗИЯ/:

 - Көрме аумағына өткен бетте алып шар үлгісіндегі нысан көзіме оттай басылды. EXPO төңірегіне аяқ басқанда мұндағы әлем бірнеше жыл алға жылжып кеткендей әсер қалдырды. Кейін ол Қазақстан павильоны екенін білдім. EXPO қалашығын аралап жүріп, Грузия павильонын кездестірдім. Туған елімнің де ауқымды шараға қатысып жатқанына қуанып, кеудемді мақтаныш кернеді. Көрмеден алған әсерімнің біраз уақытқа дейін ұмытылмасы анық. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер