EXPO – серіктестіктің жаңа белесі. Астанадағы көрмеге қатысқандар мен бизнес өкілдері өз сенімдерінің ақталғанын айтып жүр. Вальтер Макки – Италиядағы ауқымды инженерлік компанияның жетекшісі. Ол EXPO көрмесінде «smart city» жобасын таныстырған болатын. 120 мың тұрғыны бар жаңа энергетикалық автономды аумақ жобасы Ақтау қаласына арнап әзірленген. «Италия павильонында орналасқан «Ақылды қаланың» жобасы көрмеге келушілер мен билік өкілдерінің қызығушылығын тудырды»,-дейді сәулетші.

ВАЛЬТЕР МАККИ, BM STUDIO КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Жобаны жүзеге асыруға ниетті компаниялармен келісімге қол қоюымыз керек. Ең бастысы қазақстандық билік пен инвесторлар бұл жобаны қолдап отыр. Жұмысымыз алдағы айларда жандануы тиіс. Сонымен қатар жыл соңына қарай Ақтау қаласының аумағында жобаның іргетасы қаланатын болды.

ЕХРО көрмесін өз көзімен көрген тағы бір сәулетші Киран Стенли де отаны – Германияға ерекше әсермен оралыпты. Саяхатшыға Астана сәулеті тамсандырып, қазақ халқының табиғаты мен мәдениеті, әсіресе қонақжайлылығы ұнаған.

КИРАН СТЕНЛИ, СӘУЛЕТШІ:

 - Мен ЕХРО-дағы павильондарының барлығын дерлік аралап шықтым. Осы саланы білетін архитектор ретінде айтайын, сфера мені тәнті етті. Қазақстанның «Нұр Әлем» павильонының ерекшелігі мен техникалық мүмкіндіктерін көргенде риза болдым. Көрме аяқталғаннан кейін де бос қалмай, музейге айналатыны қуантады. Бұл ұйымдастырушылардың шараны мұқият ойластыруының нәтижесі дер едім. Сонымен қатар жергілікті халықтың қонақжайлылығы мен ақжарқындығы адамды тамсандырмай қоймайды. Ал бас қала туралы айтатын болсам, Астана өте ерекше шаһар. Оның қысқа уақыт аралығында дархан даланың ортасынан бой көтеруі – сирек құбылыс. Маған «Бәйтерек» мұнарасының тарихы қатты ұнады. Сондай-ақ «Хан-Шатыр» сияқты көз жауын алатын алып сәулет өнерін көрдім.

Астана EXPO 2017 көрмесі тәуелсіз Қазақстанның тарихында қалатын естен кетпес ерекше халықаралық шара. Мұндай пікірді Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері айтып отыр. EXPO-ны өз көзімен көруді олардың әрқайсысы армандады. Тіпті бір тамашалап, қызығына қанбаған Галина Нұртазинова Астанаға 4 рет келіп кеткен. Ол алғаш рет шараның ашылу салтанатына қатысқан. Кейін Германияның ұлттық күніне келді. Оған қоса EXPO қалашығындағы барлық павильонды аралап, жүзден астам елдің салт-дәстүрі мен мәдениетінен хабардар болыпты.

ГАЛИНА НҰРТАЗИНОВА, НЕМІС-ҚАЗАҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Біріншіден, Қазақстан осындай ауқымды, жауапты шараны өткізе алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Астана сәулетінің көз тартарлық көркін жаһан жұртына көрсетті. EXPO кешенінің жобасы да ерекше. Әсіресе, түнгі Астанаға қанша қарасаң да көз тоймайды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер