Астана EXPO-2017 мамандандырылған көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 115 мемлекет пен 20 халықаралық ұйымның павильондары жақсы жабдықталды, - дейді шараға қатысқандар. Израиль павильонының PR-менеджері Анна Магина көрмеден алған әсерімен бөлісіп, қазақстандық тараптың кәсіби әрекет еткенін атап өтті.

 

АННА МАГИНА, ИЗРАИЛЬ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ PR-МЕНЕДЖЕРІ:

 - Астанада өткен EXPO көрмесін көріп, қалай таңғалғанымды сөзбен жеткізу қиын болар. Көрме архитектурасы мен бүкіл алып жатқан кеңістігін жобалаудан бастап, бәрі де жоғары халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы, мұны барлық елдің өкілдері мойындай алады. Техникалық жабдықталуы, логистикасы мен өзара үйлестіру керемет болған. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.

3 айға жалғасқан EXPO-2017 көрмесін шетелдегі қандастарымыз тікелей эфирде тамашалаған. Берлинге бұдан 20 жыл бұрын қоныс аударған Мекебаевтар отбасы шетте жүрсе де, атажұрттағы жаңалықтан үнемі хабардар екенін айтады. Сондықтан EXPO-ның межеге жеткен мезетін күллі отбасымен бірге көріпті. Әлем көз тіккен көрмені, Қазақ елінің абыроймен атқарғанына дән ризамын, - дейді Болат Мекебаевтың өзі.

 

БОЛАТ МЕКЕБАЕВ, СУРЕТШІ:

 - Кеудемді мақтаныш кернеді. Қысқа мерзім ішінде осындай жаһандық шараны өткізген еліммен мақтанам. Жұбайым екеуміз жақында елге барамыз. Онда неміс халқының депортациялануы жайлы кітабым жарыққа шығады. Астанада да боламыз. Сонда міндетті түрде «Нұр Әлем» сферасын көретін боламын.

 

ЕЛЕНА МЕКЕБАЕВА:

 - Отанымыздан алыс жүрсек те, біздің жүрегіміз әрқашан ондағы туыстарымыз, достарымызбен бірге. Сондықтан EXPO-2017 көрмесін атажұрттағы елмен бірге көргендей болдық. Бұл естен кетпес айтулы шара. Өте керемет. Таңданысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

 

Дүниені дүбірге бөлеген көрмеден ақпарат таратқан журналистер қауымы да өз пікірлерін білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, EXPO қалашығы көрме кезінде көпшілікке танымал болып үлгерді. Мұнда кез келген саланың жұмысын жүргізуге барлық жағдай жасалған. Сондықтан, қалашықтың көрмеден кейінгі тағдыры да, бүкіл әлемнің назарында болатындығына сенімді.

 

МИХАИЛ ГУРЕВИЧ, ЖУРНАЛИСТ /РЕСЕЙ/:

 - Мен Астанада он жыл бұрын болып, таң қалып кеткенмін. Бұл жолы тіптен керемет әсер алдым. Әсіресе, EXPO көрмесі қаланың имиджін дамытуға жақсы серпін берді. Енді осы қалашықта ашылатын Халықаралық қаржы орталығының да жұмысы сәтті боларына сенімдімін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер