Үш айға созылған Астана ЕХРО көрмесі мәреге жетті. Мамандандырылған көрме баламалы қуат көзін өндірудің оңтайлы жолын іздегендерді бір арнаға тоғыстырды. Ауқымды шараның жабылу салтанатына 20-дан аса мемлекеттің басшылары қатысты. Ресми бөлімде «Астана ЭКСПО 2017» Ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов ЕХРО туын Халықаралық көрмелер бюросының Президенті Стин Кристенсенге қайта табыстады. 

Қазақстандағы көрменің қағидалары мен құндылықтары манифесте жарияланды. Яғни пікірлер мен ұсыныстар құжат түрінде бекіді.  Жабылу салтанатында оның басты баптарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жария етті.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Бұл көрме Қазақстанның танымалдылығы мен туристер үшін танымдылығын арттырды. Елімізге келген меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық. Экспо 2017-ші көрмесі жаңа айтып кеткендей, 4 млн адам аралап көрді. Көрмеге 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады. Яғни, әрбір алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді. Экспоның ең танымал орталығы Нұр әлем болды. Көрме басталғалы бері бұл павильонға 1 млн 300 мың адам кіріп шықты. Дүниежүзі көрген Экспо беделімізді биіктетті.

 

Жаһан жұрты жарыса жазған ЕХРО Қазақстанның танымалдылығын артырып қана қоймай, ел экономикасына оң әсерін тигізген. Еңселі елордамыз жайлы «Нэшнел Жиографик» телеарнасы бірегей туынды әзірлесе, «Нью-Йорк таймс» сынды газеттер ұлы дала елінің жетістіктерін жіпке тізген. 90 күнде 3500 мәдени  шара ұйымдастырылып, төрт жарым мың ерікті келушілерге қызмет етті. ЕХРО елдер мен өркениеттерді жалғаған алтын көпір іспетті. Осы көпірді тұрғызуға үлес қосқан əр азаматқа елбасы  өз ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Осымен халықаралық мамандандырылған ЕХРО-ны жабық деп жариялаймын. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты. Ең алдымен, Қазақстан халқына шын ризашылығымды білдеремін. Баршаңызды қазақ жеріндегі шараға атбелсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Еліміз осындай шыңдарды ала беретін болсын. Жасасын Қазақстан!

 

Үш айға созылған мәні мен мағынасы зор жиынның соңы бірегей от шашуға ұласып көптің көңілінен шыққан  мерекелік концертпен аяқталды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер