ЕХРО қалашығында Қырғызстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Ұлттық күнін тойлады. Арнайы сахнадан бастау алған мерекелік шара, Жібек Жолы Плазасына дейінгі шерумен жалғасты. Жалпы, бұл елдің баламалы қуат көзін пайдалану әлеуеті елдегі барлық электр энергиясының 50 пайыздан астамын қамтуға қауқарлы. Әзірге бұл көрсеткіш бүгінде небәрі 10 пайызды құрап отыр. Қырғызстан павильонына келушілер республикада жүзеге асырылып жатқан өзге де тың деректермен танысты.

 

МАРАТ ШАРШЕКЕЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қырғызстан халқының тең жартысы таулы аймақтарда тұратынын ескерсек, баламалы қуат көзін дамыту саласында аздаған қиындықтардың барын жасыра алмаймыз. Қарқынды жел екпіні тек 2-ақ өңірден өтеді. Десек те, осындай күрделілікке қарамастан, жасыл экономикаға ден қойып келеміз.

 

ЕХРО көрмесіне келушілер Италияның бай мәдениетімен танысып, әлемге әйгілі сырнайшы Нелло Сальца бастаған ансамбльдің өнерін тамашалады. Осы елдің Ұлттық күні барысында Астана қалалық филармониясының камералық хоры да концерт қойды. Жанды дауыспен орындалған музыкалық композициялар жиналған жұртты қайран қалдырды. Бүгінде Италияда жаңартылатын энергия өндірісінің қарқыны зор. Мұнда баламалы қуат көзінің үлесі 39%-ды құрайды. 

 

ГҮЛСІМ ЖҰМАҒҰЛОВА, ҚАЗАҚСТАН-ИТАЛИЯ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

 - Италиялықтар Қазақстанмен арадағы байланысты одан әрі нығайтуға ниетті. Осы елдің Сауда палатасы қазақстандық кәсіпкерлерге Италияда жаңа әріптестік орнатуға барынша жағдай жасап отыр.

 

Гватемала Республикасының EXPO-2017 көрмесіндегі Ұлттық күніне осы елдің Көпжақты және экономикалық халықаралық қатынастар жөніндегі бас директорының орынбасары Карлос Казали қатысты. Оның айтуынша, Гватемала энергияның 61 пайызын баламалы қуат көздерінен алады. Соның ішінде гидроэнергетиканың үлесі– 57 пайыз. Сол сияқты күн мен желден және биомассадан алынатын қуат та кеңінен қолданыста. Латын Америкасының қалашығында Гватемаланың алатын орны ерекше. Жарқын экспозициялар халықаралық көрмеге келген қонақтарға жаңа технологиялардан бөлек, елдің тарихы мен мәдени өмірінен көп сыр шертеді.

 

АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 2011 жылдың қыркүйек айынан бері Қазақстан мен Гватемала арасында дипломатиялық қарым-қатынас берік орнаған. Қазақ елі бұл ретте Гватемаламен бірге тек саяси, экономикалық, мәдени саладардан бөлек, денсаулық сақтау ісінде де өзара тәжірибе алмасып, дамуды көздейді. Соның ішінде қоғамдық денсаулық сақтау қызметтері мен медициналық туризм саласындағы өзгерістерге біздің де тараптан қызығушылық бар.

 

EXPO қалашығында Гондурас Республикасының да ұлттық күні тойланды. Бұл мемлекет Тынық және Атлант мұхиты аралығындағы басты логистикалық орталыққа айналып келеді. Шараға осы елдің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Мария Долорес Агуэро арнайы келді. Оның айтуынша, мемлекет дәстүрлі энергияны қолдануды азайтып, көмірқышқыл газының шығарылуын төмендетуді көздеп отыр. Ол үшін баламалы энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарланған. 2016 жылы Гондураста өндірілген электр қуатының 10,2 пайызы күн электр станцияларына тиесілі. Бұл – әлемдік көрсеткіш бойынша рекордтық нәтиже.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер