Астанадағы ЕХРО көрмесі үш ай бойы ең озық жетістіктердің, әлем халықтары мәдениеттерінің орталығына айналды. Ауқымды шараның қорытындысы мен пайдасы әлі де есептелмек. Алайда халықаралық көрменің арқасында елордадағы биылғы жаздың ерекше өткені анық. ЕХРО-ның өзекті тақырыбы мен жүздеген мәдени шаралар Астанаға мыңдаған туристерді тартты. Жергілікті тұрғындар да айтулы оқиғадан шет қалмады. 10-шы маусым мен 3-ші қыркүйек аралығында көрмеге келгендер саны 3 жарым млн-нан асқан. Ал көрме нысандарын тамашалау көрсеткіші болса, 30 млн-ға жуықтайды.

 

ФАРИЗА БОЛАТБЕК, ЕХРО-2017 КӨРМЕСІ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Халықаралық көрмелер бюросы мамандарының айтуынша, көрме аяқталар уақытта келушілер саны арта түседі екен. Өйткені ЭКСПО-да болмағандары көруге келіп, енді біреулері көріп үлгермеген павильондарын аралайды дегендей. Келушілердің 15 пайызы шетелдіктер. Оның ішінде басым бөлігі РФ азаматтары болады.

 

ЕХРО-дағы ең қызығушылық тудыратын нысан – «Нұр Әлем» сферасы. Көрменің басты сәулет символын 3 айда 1 млн адам тамашалаған. Сфераны көрмей көрмеден қайтпаймын дегендер күн сайын ұзын-сонар кезекке тізілді. Расында да, көруге тұрарлық дүние жетеді. «Нұр Әлемдегі» 8 қабаттың әрқайсысында келушілерді талай қызықты жобалар күтті. Бірінші қабатта келушілер елдің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі және соңғы инновациялық жаңалықтарымен танысты. Ал екінші қабаттан сегізінші қабатқа дейін «Болашақ музейі» орналасқан. Ол жерде энергияның  негізгі көздері: жел, күн, ғарыш, су, биомасса және кинетика бойынша тың жобалар көрсетілген. Сандық, мультимедиалық және интерактивті технологиялардың көмегімен келішілер энергия алудың барлық бағыттары бойынша кең мағлұмат алды. Ал ең үстіңгі қабатта Астана көрінісін тамашалауға арналған алаң орналасқан.

 

СИНГ ЯСПАЛ, ТУРИСТ /ҮНДІСТАН/:

 - Сіздің елдегі ЕХРО-ның деңгей-дәрежесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстанға ағылған азаматтардың барлығы заман талабына сай технологияларға куә болып отыр. Қазақстан Президенті өте өзекті тақырыпты көтерді. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, Ал  басты кешеннің кескін-келбетіне көз тоймайды. Мен өзге де  достарыма Қазақстанға келуге кеңес беремін.

Келушілер саны бойынша топ бастап тұрған павильндар – Мысыр, Африка плазасы және Түркия. Мәселен, соңғысында елдің баламалы энергетика саласындағы тың жобаларымен танысуға болады. Түркиялық павильонға келушілерді ерекше дизайнерлік шешім мен қызықты бөлімдер тартса керек. Күн сайын павильонды 20 мың адам тамашалайды.

 

НАЗЕРКЕ ШАМАНОВА, ГИД:

 - Күніне бастапқыда бізге 5-7 мың адам келсе, қазіргі таңда 15-20 мыңға жетіп отыр. Негізінен пайдалы қазбалар залына қызығушылық танытады. Бұл жердегі пайдалы қазбалардың бәрі Түркиядан әкелінген. Түркияның жаңадан салынып жатқан әуежайын көре аласыздар. Ол жерде энергиямен байланысы әуежайда қолданылатын шынылар ыстықты жібермейтін болады. Олардан өтетін болсаңыздар, өздеріңіз сезіну арқылы байқайсыздар.

 

ЕХРО-дағы ерекше павильондар қатарында Африка плазасы бар. Бұл жерде бірден 21 мемлекет орналасқан. Келушілерге Африка құрлығының «жасыл» жобаларымен таныстыратын арнайы дәлізден өтеді.  Күнделікті ән мен би, қолдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесі тағы бар.

 

БЛИЦ-ОПРОС:

 - Негізі Африка плаза маған өте ұнады. Осымен екінші рет келіп отырмын.  Керек дүниенің бәрі осы жерден табылып жатыр.

 - Африка плазада сан түрлі түстер мен адамдарды көруге болады. Бәрі өте қызықты. Мен Африкада саяхат жасаған емеспін. ЭКСПО-ға келіп, оны аралағандай болдым.

 

Келушілерді ұйымдастырушылар павильонға кіреберістегі камералар арқылы санайды. Ал көрмеге келгендердің жалпы санын тіркелген билеттер арқылы  анықтаған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер