Кениялықтар 2030 жылға қарай пайдаланатын энергияның 75 пайызын баламалы энергия көздерінен алуды жоспарлап отыр. Алайда, жасыл экономикаға өту үшін оларға инвесторлар ауадай қажет. Бұл туралы аталған елдің ЕХРО көрмесіндегі Ұлттық күні барысында айтылды. Шараға Кенияның сауда, индустрия және кооператив министрінің орынбасары қатысты. Крис Кипту технологияларды пайдаланып, жобаларды жүзеге асыру үшін қаражаттың қолбайлау болып отырғанын жасырмады. Ол өз сөзінде ЕХРО көрмесін инвесторлар мен кәсіпкерлер арасындағы алтын көпір деп атады.

 

КРИС КИПТУ, КЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ САУДА, ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ КООПЕРАТИВ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Біздің елде судан энергия алу жақсы жолға қойылған. Алайда, басқа салалалар ақсап тұр. Кения табиғатының күннен энергия алуға мол мүмкіндік беретіні айтпаса да түсінікті. Біздің елге инвесторлар керек. Қаржы қажет. Сонда ғана ғалымдарымыздың шаң басып жатқан жобаларын жүзеге асыра аламыз.

 

ЕХРО қонақтары Вьетнам елінің ұлттық мәдениетімен кеңірек танысты. Халықаралық мамандандыры лған көрме аясында тәуелсіздік күнін атаған Социалистік Республика дәстүрлі музыкасымен көрмеге келушілердің құлақ құрышын қандырды. Ал мың бұралған бишілер жарқын киім үлгілерімен көзге түсті. Айта кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан бұл ел баламалы қуат көзі ретінде жел екпінін қолданып отыр. Вьетнамда желдің жылдық орташа жылдамдығы секундына 6 метрді құрайды. Сондай-ақ, бұл ел судан электр энергиясын өндіру әлеуеті бойынша ең озық 14 мемлекеттің қатарында.

 

НГУЕН НГОК ТХЕН, ВЬЕТНАМНЫҢ МӘДЕНИЕТ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРІ:

 - ЕХРО төрінде Вьетнам күнін өткізген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Бүгін еліміз тәуелсіздігінің 72-жылдығын тойлады. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға - 25 жыл. Екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыс әлде де беки түседі деген сенімдемін.

 

ЕХРО қалашығында Науру Республикасының Ұлттық күні де өтті. Бұл - Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан арал-мемлекет. Аумағы 21 шаршы шақырымды алып жатыр. Халқының саны 10 мыңға жетеді. Мұнда 365 күн жаз болады. Сондықтан наурулықтар баламалы энергия көздерін дамытуға ден қойған. Мәселен, елде алғаш рет 1981 жылы теңіз суынан электр энергиясы өндіріле бастады. Ал, өткен жылы елде ең үлкен күн электр станциясы салынды.

 

ШАРМЭЙН ПАТРИС СКОТТИ, НАУРУ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ МИНИСТРІ:

 - Науру - әлемдегі ең кішкентай мемлекет. Аралдың үштен бір бөлігінде ғана  халық тұрады. Кәсіпорындар жағалауда орналасқан. Банан, ананас, папайя, манго, астық ағашы, кокос өседі. Біз Астана өтіп жатқан ЕХРО көрмесіне қатысуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Бұл біз үшін тәжірибе алмасуға таптырмас орын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер