Елордада Қызылорда облысының мәдени күндері өтті. EXPO-2017 көрмесінің шеңберінде ұйымдастырылған шараға аймақтың бетке ұстарлары келді. «Қазанат» ипподромындағы этноауылда «Сыр шежіресі» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі қанат жайды. Киізден жасалған табиғи таза бұйымдар, оюланған көрпешелер, ат әбзелдері, ұлттық аспаптар. Қызылордалық қолөнершілердің туындылары көз қызықтырады. Бұл жерде тіпті, қыштан құмыра жасап, кілем тоқу технологиясымен танысуға мүмкіндік жасалды.

 

РУСЛАН РҮСТЕМОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Мәдени күндерге жалпы облыс бойынша өнер шеберлері бар, жыршы-термешілеріміз бар, қобызшыларымыз, күйшілеріміз, қолөнер шеберлері барлығы 350-ге жуық өнерпаздар келіп қатысып отыр.

Тұтас түркі мифологиясының мәйегі – «Қорқыт» спектаклі. Поэзия тілінде жазылған пьесаның авторы – Иран Ғайып. Қойылымды алып келген Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театрының ұжымы.

 

ХУСЕЙН ӘМІР-ТЕМІР, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР:

 - Өзімізді Қорқыттың елі деп есептейміз. Қорқыттың айтайын дегені адами қасиет. Адам – адам болып қалуы керек. Тағы бір спектакліміз бар. Әзірбайжан драматургі Ахунзаденің «Кетпейсің. Болды, кетпейсің» деген комедиясы.Екі үлкен спектакльмен келіп, астаналық көрермендерді өзіміздің өнерімізбен риза еткелі келдік.

 

Қызылорда облысының Мәдени күндері ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аумағындағы амфитеатрда «Сырдария-Жырдария» атты гала-концертпен қорытындыланды. Онда Халықаралық ғарыш станциясының ғарышкерлері көрме қонақтарымен тікелей байланысқа шықты.

Халықаралық Ғарыш станциясынан Фёдор Юрчихин мен Сергей Рязанский сөз алып, Амфитеатр сахнасындағы үлкен экран арқылы ЕХРО қонақтары мен қазақстандықтарға және жұлдызды шаһар Байқоңыр орналасқан Қызылордаға ғарыштан жалынды сәлем жолдады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер