ЕХРО қалашығында Бангладеш Халық Республикасының Ұлттық күні өтті. Бұл елде тұтынылатын баламалы энергия көздерінің жалпы қуаты 423 мегаватты құрайды. Астанадағы көрмеге қатыса отырып, Бангладеш Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынасын тереңдетуге ниетті. Бангладеш аумағында 180 миллион адам тұрады. Табиғи жағдайының аса қолайлы болуының арқасында мұнда егіннен жылына екі-үш рет өнім жинауға,, мүмкіндік бар. Негізінен, күріш пен шай,, қант қамысы мен темекі өсіріледі. Қазақстанмен арадағы дипломатиялық қатынасы 1992-ші жылы орнаған.

 

МОСУД МАННАН, БАНГЛАДЕШ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бүгінде Бангладеште тұрғын үйлерге төрт жарым миллионнан астам күннен қуат алатын жүйе орнатылған. Сондай-ақ біз жел энергиясын, толқынның көтерілу қуатын, биогазды және басқа да жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану мүмкіндіктерін зерттеп жатырмыз. Бангладеш Үкіметі атынан ЕХРО-2017 шарасына қатысып отырған жетекші компаниялар мен агенттіктерді біздің елдің жаңғыртылатын энергетикалық секторына инвестиция салуға шақырамын.

 

Орталық Африка Республикасы баламалы энергия көздерін пайдалануға ерекше ден қойып отыр. Өйткені, ел астанасы Банги мен өзге де қалаларды жарықтандыру мәселесі өте өзекті. Осы мақсатта күн панельдері паркін жасақтамақ. Сондай-ақ ел үкіметі баламалы энергия көздерін пайдаланудағы озық жобаларын жүзеге асыру мақсатында инвесторлар тартуды көздейді. Айта кетейік, бұл мемлекеттің павильоны 21 елдің экспозияциялары қойылған Африка плазасында орналасқан. Орталық Африка Республикасы табиғи ресурсқа аса бай. Бұл ел алмаз, уран, алтын мен мұнай өндіреді.

 

КОЯГАЗОМО ДЖОАХИМ, ОАР САУДА ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ САУДА ИСПЕКТОРЫ:

 - Орталық Африка Республикасының басым бөлігі орманды әрі судың қоры да мол. Нақтырақ айтсақ, ел аумағының 5 млн гектар жері орманды алқап. Сондықтан Баламалы энергия көздерін дамыту біз үшін маңызды болмақ.

 

Кофенің отаны – Эфиопия да Ұлттық күнін тойлады. Федеративтік Демократиялық Республика Астанада өздерінің мәдениеті мен сауда-экономикалық әлеуетімен таныстырды. Ел халқы негізінен өнеркәсіп және егіншілікпен айналысады. Экспортының 90 пайызы – ауыл шаруашылығы өнімдері. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – әрине, кофе. Эфиопия – Нил мен Омо өзендерінің бойында орналасқан мемлекет. Сондықтан, судың күшін кәдеге жаратып гидроэлектрстансаларын орнатқан. Оның қуаты 12 мың мегаватты құрайды.

 

ЮЛИЯ ОКРУЖНОВА, ГИД:

 - Бүгінгі таңда қосымша екі су электрстансасының құрылысы басталған. Сондай-ақ, жел электр стансасының жобасы әзірленіп жатыр. Өйткені, Эфиопияда негізгі қуат көздері су мен жел. Олардың жалпы көлемі – 20 мың мегаватты құрайды. Эфиопия энергияны Джибутия, Сомали, Судан сияқты көрші елдерге экспорттайды.

 

EXPO қалашығында Мексика Құрама Штаттарының Ұлттық күні де атап өтілді. Дәстүрге сай, екі елдің тулары көтеріліп, ән-ұрандары шырқалды. Сахна төріне сомбреро киіп шыққан гитарашылар мен МариАчи стиліндегі музыканттар төл өнерлерін паш етті. «Елена Пресиадо Балет» бишілері шара көрігін қыздырды. Концерттік бағдарламадан кейін екі елдің делегациялары Латын Америкасы Плазасына мерекелік шерумен барып, Мексика павильонын аралады. Айта кетейік, Мексика Құрама Штаттары бір федералдық округтен және 31 штаттан тұрады. Былтыр бұл елдегі баламалы энергия көзінің жалпы қуаттылығы 18 мың Мегаватты құрады. 2024-ші жылға дейін елдегі барлық электр қуатының 35 пайызын жаңармалы энергия көзінен өндіруді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер