Күн қуатымен самғайтын ұшақты ойлап тапқан Бертран Пиккар Астанаға келді. Ол былтыр өнертабысымен әлемді таңқалдырып жер шарын айналып шығыпты. Саяхатшы осы арқылы қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейтін жаңартылған энергия көзінің қолдану аясы кеңдігін көпшілікке іс жүзінде дәлелдеуді мақсат етіпті. Ғалым ЕХРО-2017 көрмесі алаңында өткен «Климатты өзгерту мәселелеріне арналған энергетикалық шешімдер» конференцияның арнайы қонағы болды. Қадірменді мейман  баламалы қуат көздерінің ғаламдық деңгейдегі маңыздылығы  төңірегіндегі ойларымен бөлісті.

 

БЕРТРАН ПИККАР, ӨНЕРТАПҚЫШ, ҰШҚЫШ /ШВЕЙЦАРИЯ/:

–Күн энергиясының есебінен ұшатын әуе көлігін жасауды 1999 жылы қолға алдым. Сол кезде мен әлемді әуе шарымен кезіп өткен болатынмын. Саяхатыма жанар-жағармайдың таусылып қала беретіні үлкен кедергі жасады. Сондықтан мен ұшып жүріп күннен қуат алатын қондырғыны құрастыруға бел будым. Бұл үздіксіз энергия көзін ашудан бұрын, ауаны ластамайтындығымен аса құнды өнертабысқа айналғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта бұндай ұшақтар қалың өндіріске қойылатынына сенімдімін. Өйткені бүгінгі заман талабы осы. 

 

Конференция әлемнің энергетика саласының тәжірибелі ғалымдары мен халықаралық дәрежедегі сарапшылардың басын қосты. Қатысушылар сарқылмайтын қуат көздерін іздеу, таза энергия жобаларын қаржыландыру, климаттың өзгеруі сынды мәселелердің күрмеуін босатудың жолдарын талқыға салды.  

 

ДЖЕФФРИ БОЛЛ, ҒАЛЫМ /АҚШ/:

 - Қытай көмір тұтынудың ең ірі аймағы саналғанымен, баламалы энергия көздерін ендіру бойынша да көш бастап келеді. Қытайдың жаңартылған энергетика саласындағы жетістіктері әлемнің қай еліне болмасын аса қажет. Себебі болашақ энергия дәстүрлі үлгілерін қалайда қолданыстан ығыстыратын болады.

 

Сарапшылардың болжамынша, 2040 жылы баламалы қуат көздерінің ғаламдық үлесі 30 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл тұжырымның жаны барына бүгінде әлемнің жер-жерінде қолға алынып жатқан кешенді энергетикалық жобалардың қарқыны өсіп келетіні дәлел, дейді форум қатысушылары.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер