Малай өнерпаздары ұлттық павилионына келген әр қонақты ән мен бидің думанына бөлеп, Азияның шоқтығы биік төл мәдениетінің жарқын үлгілерін орындап қарсы алуда. Көрме кешенін елдің басты нышаны тропикалық орманмен көмкерген жалғыз ел – Малайзия. Мемлекет аумағының 67 %-ын жайқалған жасыл желек алып жатыр. Сондықтан павильон тұжырымдамасын құруда тірі табиғат негізге алынды. Оны тамашалаған адам қалың тоғайдың қуатын , сайраған құстардың дауысын , судың толқынын естіп сезе алады. Келушілер малай елінің туристік және мәдени жетістіктерімен қатар, мемлекеттің жасыл саясатының тиімді тәжірибесімен танысу мүмкіндігіне ие. Баламалы қуат көздері, ақылды қала осының бәрін көрме ашылғалы жарты млн-нан аса адам тамашалап үлгеріпті.   

МИШЕЛЬ ЛАУ СУК И, МАЛАЙЗИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Малайзия әлемде орман нарығы дамыған елдердің көшін бастап келеді. Біз павильонның негізгі нышаны ретінде көбелекті таңдадық. Қазіргі таңда елде көбелектің мың екі жүздей түрі таралған. Олардың ішінде ең сирек кезігетіні – «Раджа Брук». Массачусетс технологиялық институтының профессоры «көбелек қанатын сермегенде жер бетінің өзге бөлігіндегі өзгерістерге себепші болады» деген теориясына сәйкес, біз жасыл болашақтың әр кішігірім жетістігі көпшіліктің қамы екенін жеткізгіміз келеді.  

Қазіргі таңда малайзиялықтар тұтынатын бар энергияның 22,1 пайызын күннен, биоотыннан және судан алады. Болашақта баламалы қуат көздерінің үлесін еселеуді жоспарлап отырмыз. Әсіресе, күн энергиясын кәдеге жаратуды жақсы жолға қойып алдық. Жаңартылған энергияның осы түрін өндіру бойынша Малайзия әлемде үздік үштік елдердің көшін тұйықтайды.

Біз Астанаға энергетика саласы бойынша ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуді мақсат етіп  келдік. Көрме ашылғалы 10 аптаның ішінде бұл бағыт бойынша 2,8 млн. доллардың сауда келісіміне тұрдық. Әлі де бірқатар әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл – Қазақстанның іскерлік байланыс орнататын ірі алаңға айналғанының дәлелі.  Бүгінде елдеріміз арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Біздің энергетика және су ресурстары министрі жергілікті әріптестермен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, өзге де өндірістік салалар бойынша серіктестікке қол жетті. Екі мемлекет арасында байланыс құруға болатын әлеуетті бағыттар көп. Ендігі кезекте тараптар осыған күш жұмайтынына сенімдімін.

Мен қазақ елі ЕХРО-2017  халықаралық көрмесінің сәтті өтуі үшін қыруар іс тындырды деп санаймын. Әлемді жиған ауқымды шараны бұндай жоғары деңгейде өткізу оңай шаруа емес. Сондықтан алаң иелерін  аса ірі  табысты жобаны жүзеге асыру арқылы басқа елдерге баламалы қуат көздерінің озық үлгілеріне жол ашқанына алғысымды білдіріп, құттықтағым келеді. Өзара тәжірибе алмасып, шеберлік бөлісудің тамаша мүмкіндігі жасалып отыр. Қатысушылар мен көрме қонақтары көздеген мақсаттарына жетті деп ойлаймын.    

Малайзия павильонында ұдайы түрде көрермендеріне арнап түрлі акциялар өтіп тұратынын ерекше атап өткен жөн. Мәселен, кешенде «Бір пост-бір ват» деген атаумен акция ұйысмдастырылуда. Оған сәйкес, әлеуметтік желілерде арнайы хэштегпен белгіленген әр пост үшін Малайзияда бір ватт күн энергиясын өндіру міндетін мойнына алады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер