EXPO-да Сенегалдың Ұлттық күні өтті. Биыл Африкадағы мемлекет жаңғыртылатын энергияны өндіруге құйылатын қаржыны 20 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бүгіннің өзінде Сенегалда үш күн электр стансасы бар. Олардың жалпы қуаты - 72 мегаватт. Жоспар бойынша стансалардың жалпы қуаты 350 мегаваттқа жетуі керек. Сонымен қатар, Сенегалда жалпы қуаты 175 мегаватт болатын екі бірдей жел паркінің құрылысы жүріп жатыр.

СЕРІК ҚАРАБЕКОВ, СЕНЕГАЛДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ:

- Астана EXPO көрмесіне Сенегалдан іскер азаматтар көп келді. Өздерінің бұрыннан бері айналысып келе жатқан өндірістерімен таныстырып жатыр. Оларда да біздің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры сияқты компаниялары бар. Біздің бизнесмендермен әріптестік орнатқысы келеді. Қазақ инвесторларына жобаларын таныстырып, сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүдделі. Қазіргі таңда саяси, медициналық, ауыл-шаруашылығы мен көлік құрылысы салалары бойынша түрлі деңгейде келіс-сөздер жүріп жатыр.

EXPO қалашығында Маршалл аралдарының да ұлттық күні атап өтілді. Бұл елдің негізгі табиғи байлықтары – фосфорит кендері мен теңіз өнімдері. 60 мың халықтың 10 пайызын туризм саласы жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал өнеркәсібі балық пен кокос жаңғағының дәнін өңдеумен ғана шектелген. Мұнда ешқандай танымал қазба отындары жоқ. Бірақ, мектептер мен балабақшалар күн батареяларынан алынатын энергиямен жұмыс істейді.

АИДА ТОҚТАСЫНОВА, ГИД:

- Маршалл аралдары өкінішке орай қатты дамымаған мемлекет болғандықтан, жаңа технологияларды өзімен бірге алып келмеді. Бірақ олар энергия көздерін қолданады. Күн энергиясын соның ішінде. Өзімен бірге дизайнерлік бұйымдарын алып келген. Бұл бұйымдары кокос ағаштарынан және ракушкалардан жасалынады.

ЕХРО қалашықта Ұлттық күнін атап өткен тағы бір ел – Сауд Арабиясы. Мұнайға бай болғанымен, баламалы энергия көздерін дамытуға ниетті. Астанадағы халықаралық көрмеге қатысуының себебі де осында.

ХАШИМ ЯМАНИ, КОРОЛЬ АБДОЛЛА АТ. ҒЫЛЫМИ ҚАЛАШЫҚТЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Сауд Арабиясы даму, өркендеу мақсатында өз мүмкіндіктері мен ресурстарын пайдаланатын болады. 2023 жылға қарай баламалы энергия көздерін арттыруды көздеп отырмыз. EXPO энергетика саласындағы ең маңызды шаралардың бірі әрі бірегейі. Маңызды шараны өткізіп отырған Қазақстанға алғысымды білдіргім келеді.

Сауд Арабиясының павильоны бірнеше бөлімнен тұрады. Мұндағы үлкен экрандар арқылы Сауд Арабиясы туралы деректі фильмді тамашалауға болады. Келесі залда озық технологиялармен таныса аласыз.

САНЖАР АСЫЛБЕКҰЛЫ, ГИД:

- Бұл құрылғы Кореямен бірлесе жасалған. Ол энергия өндіріп қана қоймайды. Күніне 40 мың тонна суды тұшытуға қауқарлы. Көріп тұрғандарыңыздай, көлемі кішкентай.

Сауд Арабиясы соңғы уақытта теңіздегі су ағынынан энергия өндіруді де қолға алған. Болашақта саудиялықтар шикізатқа тәуелді болудан түбегейлі арылмақ. Осы мақсатта баламалы энергия көздерін дамытуға қыруар қаржы салуға дайын. Мәселен, 2023 жылы салаға 50 млрд доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр.

EXPO-2017 көрмесі аумағында Фиджи Республикасы да ұлттық күнін атап өтті. 333 аралды қамтыған мемлекет Астанаға өзінің табиғи ресурстардан алынатын минералды суы мен косметикалық өнімдерін әкелген. Тынық Мұхиты плазасында орналасқан шағын ғана павильонды 100 мыңға жуық адам тамашалап үлгеріпті. Фиджи мемлекетінде туризм, балық аулау, орман шаруашылығы мен жасыл технологиялар салалары жақсы дамыған. Мәселен, 800 мың халқы бар елдегі мектептер мен ауруханалар күн батареяларынан қуат алады.

ФАЙАЗ СИДДИК КОЯ, ФИДЖИ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИНДУСТРИЯ, САУДА ЖӘНЕ ТУРИЗМ МИНИСТРІ:

- Біз Қазақстанмен қайта жаңғыртылатын энергия көздері саласында қарым-қатынас орнаттық. Болашақта әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз.Қазақстанның баламалы қуат көздерін қолдану жағынан бізге қарағанда тәжірибесі молырақ. Сондықтан біз үшін бұл әріптестіктің маңызы зор.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер