EXPO аумағында Армения Ұлттық күнін тойлады. Шараға келген ресми өкілдер «Ұлы жібек жолы» бағдарламасы аясында туристерді көптеп тартудың жолын іздеп жатқандарын айтты. Бұл тұрғыда Қазақстан әріптес болады деген сенімдерін білдірді. Арменияның көрмедегі павильонында күн, су, желден қуат алу арқылы жаңартылған қуатты пайдаланудың жобасы туралы мағлұматпен танысуға болады. Армения Қазақстанмен осы саладағы байланысты одан әрі жандандыруды көздеп отыр.

ЭРИК ГРИГОРЯН АРМЕНИЯ ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бізде қазір дайын жобалар бар. Ол бойынша Қазақстан тарапымен міндетті түрде бірге жұмыс істейміз деген сенімдемін. Сонымен қатар, екі ел арасындағы туризимді дамытуға ниеттіміз. Бұл бағытта да нақты жоспарлар бар.

ЕХРО қалашығында Самоа мемлекетінің де ұлттық күні атап өтілді. Тынық мұхитының оңтүстігінде орналасқан ел энергетикалық қажеттіліктерінің 20 пайызын баламалы қуат көздері есебінен өтеп отыр. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткіземіз деген нақты жоспарлары бар. Олардың айтуынша, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы сияқты мәселелерді әлем халқы тек бірлесіп барып қана шеше алады.

АИДА ҚҰРМАНҒАЛИЕВА ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ:

- Ұлттық күндер көрмеге қатысушы мемлекеттердің арасындағы қатынасты нығайтуға жәрдемдесетін халықаралық мәдени алмасу құралы болып табылады. Ұлттық күнді өткізу қатысушыларға ұлттық мәдениетінің өмір салтын паш етуге мүмкіндік береді.

ЕХРО көрмесінде Венгрия елінің Ұлттық күні тойлау аясында мәдени шаралар өткізілді. Дәстүрлі киім киген мажарлық өнерпаздар қыпшақтардың тұрмыс-салтын көрсетіп, ұлттық музыкасын орындады. 412 шаршы метр аумақты алып жатқан павильонда табиғи ресурстарға басымдық берілген. Яғни, күн, жел және судан қуат алатын тың жаңалықтарын бейнероликтер арқылы көрсетіп береді. Айта кету керек, бүгінде Будапешт тұрғындарын  бензинмен емес, тоқпен қуатталатын автобустар тасымалдайды.

ДЖОРДЖ КОССА, ЭКОКӨЛІК ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Біз электр энергиясы арқылы жүретін автобустарды шығара бастадық. Бұл қоршаған ортаны ластамайтын экологиялық таза көлік. Жасыл технологияның дамуына осылайша өз үлесімізді қоспақпыз. Ал, ЕХРО-2017 көрмесі арқылы жаңа жобалармен танысуға мүмкіндік туды.

EXPO төрінде Ауғанстанның ұлттық күні осы елдің тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келді. Ресми шара әдеттегідей екі елдің әнұрандарының орындалып, Мемлекеттік туларының көтерулерімен басталды. Ал концерттік бағдарламасында «ANIM» Ауғанстанның ұлттық музыкалық аспаптар ұжымы өнерлерін паш етті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер