Мұхиттың арғы жағынан Арқа төріне бір топ ковбой келді. Американың аттың құлағында ойнаған саңлақтары Қамбар ата төлі алғаш қолға үйретілген Ұлы далада көкпар тартады. Олар елордада ұлттық спорт түрінен өтетін әлем біріншілігіне қатысуда. Алайда сәйгүліктерін қазақ жеріне әкеле алмаған.  Сондықтан тек шабандоздары ойын басталардан бес күн бұрын келіп жергілікті аттармен жаттықты. АҚШ құрамы көнеден үзілмей келе жатқан көкпардың қыр-сырын барынша меңгеріп шыныққан ойын мұрагерлеріне лайықты қарсылық көрсетуде.

КРИД ГАРНИК, КӨПАРДАН АҚШ ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

- АҚШ-тан менімен бірге келген жігіттердің барлығы атта шабудың шебері. Бірақ олар ешқашан көкпар тартып көрмеген. Алғашқы жаттығуда барлығы өздерінің жаңа қырын көрсетті. Көкпар америкалықтар мен қазақстандықтардың достығын арттыра түсетін спорт түрі болады деп сенемін. Отанымызға оралысымен біздегі Родео ойынымен қоса көкпар тартуды да жақсы дәстүрге айналдыру ойымызда бар. Ол үшін атбегілеріміз де шабандоздарымыздажеткілікті.

EXPO-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған байрақты додаға 12 елдің құрамасы қатысып жатыр. Ковбойлар секілді өзге де мемлекеттің шабандоздарына қазақтың ұлттық ойыны қатты қызықтырғанымен, серке тартудан тәжірибелері жоқтың қасы. Сондықтан көкпардың ережелеріне өзгеріс енген. Яғни, қазандықтың орнына жерге қарапайым шеңбер сызылды.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- 96-жылы көкпардың ережесін Қазақстан мен Қырғызстан біріге отырып жасаған. Осыдан 21 жыл бұрын. Бірақ ол уақыт сынынан өтпеді. Көкпар одан әрі дамымай қойды. Өйткені аттар соққыға ұшырады, адамдар құлап жатты. Көбінесе қазандықтың ішіне серкемен бірге ойыншы түсіп жатты деген сияқты. Көкпар деген олжа, ортаға тастаған, серке ол олжа. Олжаны біреудің қазандығына салмайды, қарсыластың. Олжаны әркім өз үйіне тартады.

Жеңімпаздар тамыздың 27-нде өтетін ақтық сындарда анықталады. Жалпы жүлде қоры – 18 миллион теңге. Оның 10 миллионы топ жарған құрамаға тігіліп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер