EXPO-2017 көрмесі Астананың ғана емес, Қазақстанның туристік әлеуетін көтеруге зор үлкен үлес қосып жатыр. Грузия астанасы Тбилисиде өткен роуд-шоуда грузиндік туроператорлар Қазақстандағы әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Сауықтыру шипажайлары, гастрономия және этнотуризм – туристердің қызығушылығын арттыруы мүмкін. Әрі екі елдің өзіндік ұқсастықтары да бар.

ӘСЕЛ ҚАРБАЕВА, ASTANA CONVENTION BUREAU ӨКІЛІ:

- Грузиндер де біз секілді өте ашық қонақжай халық. Сондықтан, біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Бұл екі елге келетін туристердің санын арттыру үшін өзара әріптестік орнатуға септігін тигізеді. Бірлесіп екі жақты қарым-қатынасты дамыта түсу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

НАТИЯ БАГАШВИЛИ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ /ГРУЗИЯ/:

- Бізге бүгін Қазақстанның таныстырылымы ұнады. Менің ойымша сіздің елге саяхат жасау Грузия жұртшылығына қызықты болады. Әрі туристік компаниялар кең көлемдегі турларды ұсына алады.

Мұндай таныстырылым Баку қаласында да ұйымдастырылды. Астана және EXPO туралы толығырақ мағлұмат алу үшін жиналғандардың қарасы көп. Қазақстанға қонақ тартуға қызығушылық танытып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесу екі елді одан әрі байланыстырудың тиімді тетігі.

ӘСЕЛ ҚАРБАЕВА, ASTANA CONVENTION BUREAU ӨКІЛІ:

- Бакудағы бұл роуд-шоуда Қазақстанның, оның ішінде Астананың туристік әлеуеті жан-жақты таныстырылды. Әзербайжандағы көп компаниялармен байланыс орнаттық. Осы күзде оларға Астананы таныстыру мақсатында арнайы турлар ұйымдастырылады.

Әзербайжанның турфирмалары Қазақстан тарапымен бұрыннан байланыс орнатқан. Олар роуд-шоуда таныстырылған Астанадан бөлек, елдің өзге өңіріндегі курорттық аймақтарды турпакетке қосуды жоспарлап отыр.

СВЕТЛАНА ГАФАРОВА, ТУРИСТІК ФИРМА ӨКІЛІ:

- Бүгін көп тың ақпарат алдық. Емдік туризм ретінде клиент әкелуге болатын Астананың жанындағы Бурабай ұнады. Ол Кеңес үкіметі кезінде де әйгілі еді. Біздің клиенттерді ол жерге емделіп, жақсы демалуға жібереміз деген ойдамын.

Жиынға қатысушылар Астана туристік орталық ретінде қалыптасуға барлық талапқа сай деген бағаларын берді. Мұндай роуд-шоу енді Тегеран, Киев пен Минскте ұйымдастырылмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер