Осы күнге дейін Астана ЕХРО көрмесін 2 жарым миллионнан астам адам тамашалады. Жоспар бойынша халықаралық шараға 3 айда 2 миллион адам келу керек еді. Бірақ бүгінде  бұл көрсеткіш 2 жарым миллионнан асты. Ал, павильондарға 5 миллионнан астам адамның келеді деп болжанған болса, қазір 20 миллионға жуық адам аралап көрген. Келушілер арасында ең танымал нысан – «Нұр Әлем» сферасы. Оны 800 мыңнан аса саяхатшы тамашалаған. Сондай-ақ, қонақтардың Африка, Мысыр, Түркия, Әзербайжан, Тайланд, Үндістан алаңдарына қызығушылықтары зор. ЕХРО көрмесі ашылғаннан бері 70-тен аса елдің ұлттық күндері өтті. Елімізге 106 мәртебелі мейман келген. Оның арасында 19 мемлекет басшысы мен 16 премьер-министр және олардың орынбасарлары бар.  

БЕЙБІТ ҚАРЫМСАҚОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Еліміздің басқа аймақтарынан 1 млн 100 мың 32 адам арнайы ұйымдастырылған топтармен келді. Оның ішінде 77,5 мыңы – балалар. Шетелден келген азаматтар 273 мың. Өткендеде айтқанбыз. Негізгі келушілер Ресей, Германия, ҚХР. Осы уақыттың ішінде біздің көрменің территориясында 1662 ойын-сауық және іскерплік іс-шаралар, 179 хаттамалық іс –шаралар өтті.

ЕХРО көрмесінің мультипликативтік оң әсері айтуға тұрарлық. Құрылыс, өндіріс, кіші және орта бизнес салалары өркен жайды. Отандық туризм саласының көрсеткіші едәуір жақсарды. Елордадағы қонақ үйлер мен хостелдердің саны 27 пайызға өскен. ЕХРО басталғалы қалаға 2 млн 100 мыңнан астам адам келген. Оның 1,5 миллионға жуығы - туристер. Ал, бұл көрсеткіштің 30 пайызы - шетелдік демалушылар.  Енді елорда билігі бас қалада демалатын туристердің санын алдағы уақытта да 1 миллионнан түсірмеуді көздеп отыр. Ол үшін арнайы бағдарлама да әзірлепті.

САНИЯР АЙТЕКЕНОВ, ASTANA CONVENTION BUREAU ДИРЕКТОРЫ:

- Біз осы келген туристердің Астанаға қайта оралуын қамтамасыз етуіміз тиіс. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Сөйтіп, 2020 жылға қарай бас шаһарда демалатын адамдардың санын 1 млн-ға дейін көбейту жоспарда бар. Ал қазіргі көрсеткіш - жылына 250 мың демалушы.

ЕХРО-ның аяқталуына әлі дейін көрмеге келушілердің саны 4 миллионға жетеді деген болжам бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер