Жер жаһанды тұмса табиғатымен тамсандырған Швейцария енді әлемдік инновация өкілі ретіндеде танылып келеді. Шуақты ел әсіресе күн қуатының әлеуетін барынша кәдеге жаратып жүрген бірден-бір мемлекет. Сондықтан ЕХРО-2017 көрмесіне ондағы баламалы энергия көздерінің жарқын үлгілерінің жаршысы, ұшқыш-құрастырушы Рафаэль Домжан арнайы шақыртылған. Ол күн энергиясының күшімен  жүретін қайық және ұшақпен  жер шарын айналып шыққан саяхатшы ретінде көпшілікке таныс. Мұнымен тоқталмай, жетістігін еселеуден дәмелі. Ол үшін әлемде алғаш рет күн энергиясы есебінен ғарышқа самғайтын ұшақтың тізгінін бағындырмақ. Әуе көлігі айнала күн батареяларымен жабдықталған.   Фотоэлементтер арқылы күннің қуатын тұтынатын өнертабыс та – швейцариялық ғалымдардың еңбегінің жемісі.  

МАРИО ЭЛЬ КУРИ,  CSEM КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ /ШВЕЙЦАРИЯ/:

- Біз қолданыстағы күн энергиясы технологияларын құр жетілдірумен шектелмейміз. Олардың өзіндік құнын азайтып, құрылысын жеңілдетіп, қызмет сапасы мен аясын кеңейтуді мақсат етеміз. «Ғылымның көздегені – халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту» деген қағиданы берік ұстанамыз. Күн батареяларын адам баласы әр салада пайдаланса деген арман бар. Бұрын қолданылмаған жерлерде өзіміздің өнертабысымызды орнатып жатырмыз. 

Рафаэль Домжан жастайыннан жер шарын айнала саяхаттауды арман еткенін айтады. Ал баламалы қуат көздерінің әлеуетін арттыру ойы жаһандық климаттық өзгерістер жайында естіп-білгеннен соң келіпті.  

РАФАЭЛЬ ДОМЖАН, КОНСТРУКТОР-ҰШҚЫШ /ШВЕЙЦАРИЯ/:

- Маған Солтүстік полюске жиі саяхаттаймын. Барған сайын мұздықтардың кішірейіп баратынын байқадым. Тіпті кейбіреулері 10-15 жылдың ішінде тұтастай еріп кетті. Климаттық өзгерістер бос сөз еместігіне көзім жетті. Сондықтан бұл мәселеге әлемнің назарын аударып, оның шешімі баламалы энергия көздерін дамыту екендігін насихаттау ісін қолға алдым.   

Күнмен қуатталатын ұшақ 2019 жылы көкке көтеріледі. Алғашқы сынақтар бұл ойдың жүзеге асуы әбден мүмкін екендігін танытты. Швейцариялықтар қанатқақты жоба сәтті жүзеге асатын болса, ғарыштық туризмді дамытамыз деп белді бекем буып отыр.    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер