ЕХРО көрмесіне салған инвестиция мемлекетке пайда әкеледі. Италия парламентінің депутаты Давиде Капарини осындай пікірде. Ол Астанадағы көрме қалашығын аралап, еліне оралған соң алған әсерімен бөлісті. «Халықаралық шараның басты мақсаты – елді әлемге таныту. Қазақстан бұл мүмкіндікті қалт жіберген жоқ», - дейді депутат. 

ДАВИДЕ КАПАРИНИ, ИТАЛИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Мен Миланда тұрамын. Онда 2015 жылы ЕХРО көрмесі өтті. Халықаралық шара кезінде біз көптеген елдің өкілдерімен кездесіп, жаңа серіктестерімізбен экономикалық әріптестік орнаттық. Әрі бұрынғы байланыстарымызды тереңдете түстік. Астана ЕХРО-2017 көрмесінде болған кезімде де мен дәл сол көріністерді байқадым. Көрме барлық талаптарға сай келеді.

Германиялық журналист Патрик Бесслер болса, Астанадағы көрменің ауқымдылығын айтады. Өзі жұмыс істейтін журналда оның ЕХРО-ға арналған мақаласы жарияланды. Журналист, ең алдымен, бас қаламыздың сәулеті мен қазақ халқының қонақжайлылығына таң қалған. ЕХРО көрмесінің ұйымдастырылу деңгейіне өзі жоғары баға беріп отыр.

ПАТРИК БЕССЛЕР, ЖУРНАЛИСТ:

- Көрме жоғары дәрежеде ұйымдастырылған, әрі өте қызықты. ЕХРО қалашығы керемет. Әсіресе Қазақстан павильонынан алған әсерім мол. Сондай-ақ, әр елдің жасыл энергияның келешегіне қатысты түрлі ұстанымдары мен көзқарастарының ұнағанын да атап өткім келеді. Германия - Қазақстан сияқты болашақтың энергиясы - жел, күн және фотовольтаика секілді қуат көздерінде деген көзқарасты ұстанатын мемлекет. Мен өз мақаламда сіздің елдің қандай баламалы қуат көздерін пайдаланатынын және алдына қандай мақсат қойып отырғанын саралауға тырыстым. Сонымен қатар, ЕХРО  көрмесі Қазақстанның ашық әрі қонақжайлы ел екенін көрсетуге үлкен мүмкіндік дер едім.

Шетелдегі қандастарымыз да Астанада өтіп жатқан бүкіләлемдік көрмені назарларында ұстап отыр. EXPО – халықаралық сахнадағы Қазақстанның жоғарғы беделінің дәлелі. Бұл – Ресейдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің пікірі. Мәскеу қаласындағы қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Дәмелі Тасмағамбетованың айтуынша, көрме қандастарымызға тарихи отанына тағы барып қайтуға түрткі болған.   

ДӘМЕЛІ ТАСМАҒАМБЕТОВА, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ АВТОНОМИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ /МӘСКЕУ/:

- Қазақстанда осыны көргенде көңілім толқып, отанымды мақтан тұтамын. Осы үлкен шара дәл осы кезде Астанада өтіп жатыр. Елімізді Қытай, Сингапур және Біріккен Араб әмірліктерімен бір қатарға қойған Қазақстан президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевға алығысымыз шексіз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер