EXPO қалашығында Швейцария Конфедерациясының ұлттық күні аталып өтті. Шараға осы елдің президенті Дорис Лойтхард қатысып, сөз сөйледі. Дәстүр бойынша, делегациялар ұлттық павильон аумағын аралап, Швейцария Конфедерациясының баламалы энергия көздерін дамытудағы жетістіктерімен танысты. Жалпы, Швейцария – Қазақстанның стратегиялық және сауда әріптестерінің бірі. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 25 жыл бұрын орнаған. Осы уақыт аралығында әсіресе білім беру саласында көптеген жұмыстар атқарылды.

ДОРИС ЛОЙТХАРД ШВЕЙЦАРИЯ КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Швейцария – Қазақстанның сенімді экономикалық әріптесі. Біздің кәсіпкерлер ел экономикасына инвестиция құюға дайын. Біз көптеген саладағы тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Әсіресе, баламалы энергетика бағыттары бойынша жетістіктеріміз мол. Швейцария жаһандық инновациялық индексте 7 рет көш бастады.

EXPO қалашығында Түркия республикасының Ұлттық күні де өтті. Еліміздің ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов арнайы келген делегация мүшелерімен осы елдің павильонын аралап, ондағы жобалармен танысты. Түркия жылына баламалы қуат көздері арқылы 72 гигаватт энергия өндіреді. Бұл елдегі қажеттіліктің 18,5 пайызын жабуға мүмкіндік береді. Ал, 2025 жылы бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

- Түріктер бізге қуат көздерін үнемдейтін қандай технологияларды енгізуге болатындығын көрсетті. Мәселен, олар Стамбулдағы жаңа әуежайдың құрылысына шыны әйнектерді қолданады. Бізге энергияны едәуір үнемдеуге сеп болатын осы технологияны жан-жақты қарау керек.

Бауырлас ел көрмеге келушілерге тәттілер таратып, ыстық ықыласпен қарсы алды. Аумағы 1 мың шаршы метрді алып жатқан көрме ғимаратын аралап, Түркияның тарихы мен мәдениеті туралы кеңінен ақпарат алуға болады. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы жобалар да қойылған. Түркия павильонын күнделікті 9 мыңға дейін, ал демалыс күндері 15 мыңнан аса адам келіп тамашалайды екен.

БАЛАУСА ҚҰРАЛОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Маған Түркия павильоны өте ұнап жатыр. Қуанып жатырмыз көріп. Біздің елде өздерінің жобаларын көрсеткенге өте қуаныштымыз. EXPO жалпы көңілімізден шығып жатыр.

Ал Астана ЕХРО көрмесіндегі Беларусь елінің Ұлттық күніне осы елдің үкімет басшысы Андрей Кобяков арнайы келді. Ол Беларусь дәстүрлі газ, көмірдің орнына біртіндеп жел, күн, биоотын түрлеріне көшіп жатқандығын тілге тиек етті. EXPO-2017 энерготиімділікті арттыру үшін басқа мемлекеттермен тәжірибе алмасып, өзара тиімді жобаларды қолға алуға септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер