Әлемге танымал National Geographic телеарнасы Астана туралы деректі фильм түсірді. 45 минуттық туындыда ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің басты нысаны - «Нұр Әлем» сферасы төңірегінде әңгіме өрбиді. Қала көркінен шабыт алған түсірілім тобы бір ғимараттың ғана емес, ен далада бой көтерген тұтас елорданың қалыптасу тарихын бейнелеуді ұйғарыпты. Олар жаңадан бой көтерген теміржол вокзалын, Хан шатыр, Бәйтерек сияқты ерекше көз тартар нысандарын таспаға түсірген.

ДЕБОРА АРМСТРОНГ, NATIONAL GEOGRAPHIC PARTNERS, EUROPE & AFRICA  АТҚАРУШЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Кезінде ел Президентінің ойындағы қала бүгінде іс жүзінде бой түзеген таңғажайып шаһарға айналғанын көріп отырмыз. Құрылыс қарқыны жылдам, әрі сәулетті қала екеніне көз жеткіздік. Түрлі ғимараттар мен кешендер, әсіресе, ЕХРО нысандары аса талғампаздықпен қаланған. Бұл шығармашылық тұрғыдан және көлемдігі бойынша  аса қолайлы түсірілім алаңдарының бірі болды. Елмен бірге көтерілген мұндағы кереметтерді әлем көріп, білуі тиіс.

Деректі фильмнің әлемдік тұсаукесері үстіміздегі тамыз айының оны күні National Geographic channel арнасында өтті. Жалпы жоба 2 жылдың ішінде 37 тілде 170-ке тарта елде таратылатын болады.

ИВАН БУСО,  NATIONAL GEOGRAPHIC PARTNERS, EUROPE&AFRICA АТҚАРУШЫ ПРОДЮСЕРІ:

- Біз осыншама ірі «Нұр Әлем» сферасының бар болғаны 21күнде тұрғызылғанын негізге алып фильм жасамақшы болдық. Кейін тарих үшін қысқа уақыттың ішінде көтерілген Астананың жалпы құрылысы жайында естідік. Сондықтан жазық далада лезде пайда болған әсем қаланы тұтастай түсіруді жөн деп таптық. 

Айта кетейік,  National Geographic телеарнасының «Алып ғимараттар» жобасы  Дубайдағы «Бурдж-Халифа», Куала-Лумпурдағы «Петронас», Ла-Манш бұғазындағы Еуротоннель сынды әлемнің атақты ғимараттарының құрылыс тарихы жөнінде баяндайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер