EXPO-2017 көрмесі алаңында мемлекеттердің ұлттық күндері жалғасуда. Чили республикасының мерекесіне делегацияны Энергетика министрінің орынбасары Химена Хара бастап келді. Бұл елде күн батареялары кеңінен пайдаланылады. Станциялар кейде электр қуатын артығымен өндіреді, әрдайым күн ашық болғандықтан, көп мөлшерде қуат жинайды. Оның барлығын сату мүмкін емес. Сол себепті тұтынушыларға электр қуаты кейде тегін беріледі екен. Чилидің Ұлттық күні Tupa Marka фольклорлық ансамблі өз өнерлерімен көпшілікті тәнтті етті.

ХИМЕНА ХАРА ЧИЛИ ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Баламалы энергияны қолдану тек бізді ғана емес, бүкіл әлем халқын алаңдатуы тиіс деп санаймыз. Астанадағы EXPO көрмесі осы мәселеге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік бергендігін атап өткім келеді.

ЕХРО қалашығында Иран Ислам Республикасының ұлттық күні тойланып, «Растак» парсы музыкалық ансамблі өнер көрсетті. Иранның көрмедегі павильоны 3 бөлімнен тұрады. Бірінде тұрғындардың жерасты құдықтарынан су алып, жел диірмендерін пайдалануы, сондай-ақ, шөл далада бақша отырғызған сәттері бейнеленген. Павильонның екінші бөлігінде қазіргі жетістіктер, яғни су, жел және күн энергиясын өндіру жолдары көрсетілген. Соңғысында баламалы энегрия көздерін дамыту және инвестиция тарту бағдарламасына қатысты экспозиция бар.

Тонга Корольдігінің өкілдері болса, жасыл экономиканың жетістіктеріне қол жеткізуге мүдделі екенін тілге тиек етіп, энергетика саласына айрықша қызығушылық танытты. Тынық мұхиты аймағының оңтүстік бөлігінде орналасқан бұл ел жиылған жұртты мың бұралған бишілерімен тәнті етіп, мәдениетін мейлінше көрсетуге тырысты.

СЕМИСИ СИКА КИОА ЛАФУ ТОНГА КОРОЛЬДІГІНІҢ ТУРИЗМ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МИНИСТРІ:

- Тонга жасыл экономика бастамасын толықтай қолдайды. Біз туристік әлеует пен қатар озық технологияны игеруге ниеттіміз. Сол себепті де Астанадағы бұл көрменің біз үшін орны бөлек.

EXPO алаңында Ұлттық күнін атап өткен Боливия өнерпаздары халық әндері мен билерімен таңқалдырды. Мерекелік кешті Ұлттық шеру қорытындылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер