Биыл Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр уақытта екі арада өзара сенімге негізделген стратегиялық әріптестік қалыптасты. Франция Сенатындағы Орталық Азиямен парламентаралық достық тобының төрағасы  Ив Поццо Ди Борго осылай дейді. Ол бастаған француз делегациясы ЕХРО көрмесін тамашалау үшін Астанаға арнайы келген. Біздің арнаға берген жеке сұқтабында Ив Поццо Ди Борго қазақ-француз қарым-қатынастарының перспективалары туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

ИВ ПОЦЦО ДИ БОРГО, ФРАНЦИЯ-ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ПАРЛАМЕНТАРАЛЫҚ ТОБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- 25 жыл ішінде Қазақстан мен Франция арасында мықты қарым-қатынас орнады. Бүгінде қос мемлекеттің байланысын стратегиялық әріптестік деп бағалау керек. Франция Сенаты осы қатынастарды жоғары бағалайды. Астанаға келгеніміз де сондықтан. Осы сапарымыз арқылы біз Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіретінімізді көрсеткіміз келді. Осында өтіп жатқан ЕХРО көрмесінің тақырыбын маңызды және уақытылы көтерілген деп есептейміз, өйткені болашақ энергиясы дегеніміз стратегиялық тақырып. Осы көрме арқылы Қазақстан бүкіл әлем үшін баға жетпес тәжірибе сыйлайды. Біз ЕХРО-ның арқасында тереңдей түскен байланыстардың көрме аяқталған соң үзілгенін қаламаймыз. Әлемдегі басқа да өзекті мәселелер бойынша Қазақстанмен бірге іс-әрекет жасауға мүдделіміз. Сіздердің бастамаларымыз біз үшін маңызды. Қазақстан – болашаққа ерекше көзқарасы бар жас мемлекет. Сол себепті сіздермен ынтымақтастыққа қызығушылығымыз зор.

- Мұнай мен газ сияқты дәстүрлі энергетикалық ресурстарды кешегі экономикаға жатқызу қажет. Ол экономика елдерге мол байлық әкелгені рас, алайда сол уақытта қазба отыны әлемді тұрақсыздыққа жетелей түскенін де ескеру қажет. Қазақстан осыны түсінді. «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдай отырып, сіздің ел жаңартылатын энергия көздері туралы ойларын жариялаумен шектелмей, салаға инвестиция құюға дайын екенін көрсетіп отыр. Жалпы, бұл бағытта атқарылар жұмыс көп. Бұл шынымен де жаһандық проблема. Ол Францияны, Еуропаны да мазалайды. Парижде өткен Климат жөніндегі конференция осыны көрсетті. Бұл мәселені бүкіл әлем болып шешуіміз қажет. ЕХРО көрмесін өткізе отырып Қазақстан жаңартылатын қуат көздерін дамыту бағытындағы жаһандық іс-қимылдарға серпіліс берді деп ойлаймын.

Біздің елдердің қатынастарына келетін болсақ, Франция Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайтуға мүдделі. Парламент мүшелері ретінде біз қазақстандық депутаттармен байланыстарды тереңдетіп келеміз. Осында жиі келіп тұрамыз. Қазақстандық делегациялардың Францияға сапарлары да көптеп ұйымдастырылады. Мысалы, мен Қазақстан Сенаты төрағасының орынбасарын біздің елге шақырдым. Қос ел саясаткерлерінің арасында достық қарым-қатынастар құру өте маңызды деп ойлаймын. Сондай-ақ, біз екі арада академиялық байланыстаррдың нығайып, университеттер арасында студент алмасу тәжірибесі дамығанын қалаймыз. Францияда қазақстандық студенттер аз, бірақ Қазақстанда білім алатын француз жастары да көп емес. Алматыда Сорбонна-Қазақстан институты бар. Білім саласындағы әріптестікті дамытуымыз қажет. Біздің жастар Қазақстанға, қазақстандықтар Франция саяхаттап, елдермен танысып жатса, керемет емес пе?! Біздің үкіметтер осы бағытта бірлесе іс-әрекет етуі керек. Өйткені болашақ жастардың қолында. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер