Астанада өтіп жатқан EXPO көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл – «Германияның көрме индустриясы» қауымдастығының басшысы Петер Невеннің пікірі. Ол осымен 25 жыл қатарынан әлемдегі ең ірі көрме кешендерін аралап көрген. Тәжірибелі маман Қазақстандағы EXPO сәтті өтіп жатқандығын тілге тиек етті. Айта кетейік, Германиядағы барлық көрме ұйымдастырушыларын біріктіріп отырған қауымдастықтың жүз жылдық тарихы бар. Ол халықаралық тәжірибелерді жинақтап, рейтинг жасаумен айналысады. 

ПЕТЕР НЕВЕН «ГЕРМАНИЯНЫҢ КӨРМЕ ИНДУСТРИЯСЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің сарапшылар бұған дейін де көптеген EXPO көрмелерінде болған. Сондықтан, біздің салыстыруға тәжірибеміз жеткілікті. Мәселен, мен алдымен қабылдап жатқан елдің ұлттық павильонына мән беремін. Шындықты мойындау керек, Қазақстанның павильоны таңғаларлықтай. Шар тәріздес ғимарат  EXPO-2017 көрмесінің бойтұмарына айналды. Әрі Астананың көрікті нысандарының бірі болып қала бермек. Әрине, бұл – аймақтағы ең ауқымды көрмелердің бірі. Оның қорытындысын шығару әлі ертерек. Бірақ, Қазақстан бұл мүмкіндікті сәтті пайдалана білді.

Ал Кореяның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Пэк Чу Хённің пікірінше, EXPO көрмесі Қазақстан үшін шетелден инвестиция тартуға мүмкіндік ашты.

ПЭК ЧУ ХЁН, КОРЕЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БҰРЫНҒЫ ЕЛШІСІ:

- Көрме Қазақстан экономикасының тез және серпінді дамуын көрсетуге жақсы мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Орталық Азияны дамыту орталығына айналуы мүмкін. Бұл тұрғыда ол өте маңызды оқиға.

EXPO-2017 – мемлекет пен өскелең ұрпақтың жарқын болашағын бүгіннен ойлаған бірегей жоба. Бұл – Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында болып, халықаралық көрмені көріп қайтқан Ұлыбритания қазақтары диаспорасының мүшесі Исмаил Кесижидің пікірі.

ИСМАИЛ КЕСИЖИ, ҰЛЫБРИТАНИЯ ҚАЗАҚТАРЫ ДИАСПОРАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

- Жаңа энергия, жаңа техника, жасыл энергия біздің ұрпағымыз үшін керек, табиғатымыз үшін керек. Қазақстанды ұрпағымызға жеткізу үшін жасыл энергияны ойлауымыз керек. EXPO-мен бірге әсем қала Астанада сондай жақсы ғимараттары бар, ертегідей болып келе жатқан қалаға жаңа бір маржан алқа салынды деген ой келді. Бұның бәрі келешекте бізден кейінгі ұрпаққа қалатын тамаша бір Қазақстанның астанасында болып жатқан күшті бір ескерткіш болып қалады, деп ойлаймын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер