EXPO-2017 көрмесінде тағы бірнеше мемлекеттің ұлттық күндері атап өтілді. Конго Демократиялық Республикасының мерекесіне осы елдің Сыртқы сауда министрі кабинетінің директоры Эммануэль Ниембо Кахумба мырза келді. Мәртебелі мейман африкалық мемлекеттің энергетикалық әлеуетін паш етіп, бұл саланы егжей-тегжейлі зерттеу үшін инвесторларды шақырды. Мұнда әлемдегі ең ірі гидроэлектр станциясын салу жоспарланған. «Гранд Инга» деп аталатын жобаның қуаттылығы – 39 гигаватт. Айта кетейік, бүгінде Қазақстан мен Конго арадағы ынтымақтастықты нығайтып, сауда-экономикалық байланыс аясын кеңейту көзделуде.

ЭММАНУЭЛЬ НИЕМБО КАХУМБА, КОНГО СЫРТҚЫ САУДА МИНИСТРІ КАБИНЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 100,7 млн АҚШ долларын құрады. Біз ынтымақтастықты нығайтып, жаңа байланыстар орнатуға әрқашан ашықпыз. Конгоның энергетикалық һәм экологиялық мүмкіншіліктері зор.

ЕХРО төрінде Лесото Корольдігінің Ұлттық күні де өтті. Әлемге «Аспан Корольдігі» деген атпен белгілі ел Африканың «Басуто» үстіртінде орналасқан. Мұнда алмас, жүн, бидай мен көкініс экспорты дамыған. Лесото алмас өндіруден 9-орында. Жиында сөз алған сауда және өнеркәсіп министрі Тефо Мапасела алдағы уақытта 7-орынға көтерілу мақсаты тұрғанын айтты.

Ал Гамбия Республикасы тың технологиялар мен жаһандық жасыл экономиканы жан-жақты игеруге мүдделі. ЕХРО көрмесі аясында ұйымдастырылған Гамбияның ұлттық күнінде мәртебелі меймандар өз мәдениетімен қатар, байлықтарын да барынша көрсетуге тырысты. Африка құрлығында орналасқан бұл елдің «Болашақ энергиясына» деген қызығушылығы зор.

ИСАТУ ТУРЕЙ ГАМБИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САУДА МИНИСТРІ:

- Астанада өтіп жатқан ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне күллі әлем көз тігіп отыр. Себебі дәл осы жерде баламалы қуат көздеріне қатысты озық технологиялар ұсынылып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап алуға болады. Біз Қазақстанмен әрі қарай да байланысымызды бекемдеп, ЕХРО-ғы бірегей бастамаларды ел игілігіне қолдануды көздейміз.

Ал бениндіктер үшін баламалы қуат көздерінен энергия алу күнделікті тәжірибе. Жергілікті тұрғындардың жартысынан астамы ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал биомасса қалдықтарын пайдаға жаратып келеді. Шырайлы мекен үшін күн энергиясын қолдану да маңызды. Дəстүрлі электр станциялары елдің бүкіл аумағын қуат желілерімен қамти алмағандықтан, бениндіктер шағын күн панельдерін қолданады екен. Айта кетейік, Қазақстан мен Бенин арасындағы дипломатиялық байланысқа биыл - 6 жыл. Қонақтар екі жақты қарым-қатынастың әлде де нығая түсетініне сенім білдіреді. ЕХРО көрмесінде өткен Ұлттық күнінде бениндік бишілер мен дауылпаздар төл өнерлерін ортаға салып, делегация өкілдері Африка Плаза павильонын аралады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер