Жамбыл облысында Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің іске қосылуы аймақ экономикасына мультипликативті әсер беріп отыр. Халықаралық дәліздің 495 шақырымы Әулиеата жерін басып өтеді. Бүгінде жол маңайы бизнес алаңына айналып келеді. Тас жолдың бойында сервистік қызмет көрсету кешендері пайда бола бастады. Қазір Құлан ауылдық округінде тәулігіне 800 жолаушыға дейін қызмет көрсете алатын логистикалық орталық салынып жатыр.

ЕРТІС ТҰҒЫЛШИЕВ, КӘСІПКЕР:

 - Бір жүк осында келіп жатса, екінші жүк басқа жаққа кетіп жатады. Мәселен Қытай мемлекетін алайық. Бұл жерде жұмыс қызу үстінде болады. Бір кісілер жүкті түсіріп жатса, екіншілері алып кетіп жатады. Ол үшін толығымен күзет және бейнебақылаумен қамтамасыз ете аламыз.

Кешеннің аумағы – 6 гектар.  Мұнда мейрамхана, қонақ үй, автотұрақ, жанармай құю бекеті қарасытырылған. Тіпті шағын базар да болады. Онда жергілікті тұрғындарға ауылшаруашылығы өнімдерін саудаға шығаруға жағдай жасалады. Бұған инвесторлар 700 миллион теңгеден астам қаржы  жұмсамақ. Қазір құрылыс жұмыстарының 30 пайызы аяқталды.

Бүгінде автомагистральмен транзиттік жүк тасымалдау көрсеткіші артып келеді. Бір тәулікте 7500-ге дейін көлік қатынайды. Сәйкесінше осындай кешендерге сұраныс та көбейген. Сервистік қызмет көрсету орындары 25-30 шақырым сайын бой көтереді.

ҚАРЛЫҒАШ АРАЛБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Осы сервистік кешендер объектілерінің Ұлттық стандарты енгізілген. Сондықтан сол ұлттық стандарттарға сай болу қазір бізге өте маңызды болып тұр. Ол жерде 4 категорияға бөлінген. А, Б, С, Д деген бар. Биылғы жылы біз 5 нысанды іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал қалған үшеуі 19-20-шы жылдарда бітеді.

Жалпы 2020 жылға дейін салынатын 9 нысанның біреуі іске қосылып, қазір табысты жұмыс істеп тұр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер