Оңтүстік Корея елі Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастық аясын кеңейтеді

Оңтүстік Корея елі Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастық аясын кеңейтуге кірісті. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысымен ауыл шаруашылығы, туризм, химиялық өнеркәсіп салаларында өзара әріптестік орнатпақ. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған делегацияның Сеулге сапары барысында осындай келісімге қол қойылды. Қазақстандық тарап елімізде инвесторларға жасалған жағдайлар туралы айтып берді. 

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Өңірде салықтан босатылған арнайы аумақ қарастырылған. Оның ішінде тоқыма және мұнай-химия өнеркәсібі бар. 11 индустриалды аймақта дайын инфрақұрылымымен бірге жер учаскелері ұсынылады.

Оңтүстіккореялықтар қазақстандық делегаттарға жаңа технологиямен жабдықталған зауыттардың мүмкіндіктерін көрсетті. Мына өндіріс ошағында тез дайындалатын кеспеге арналған азық қоспалары әзірленеді. Кәсіпорын иесі маусым айында Оңтүстік Қазақстанға барып, өңірдегі мүмкіндіктермен кеңінен танысуға ниетті.

ЛИ СУ ХЁК, КОМПАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мен ресейлік әріптестерімнен Қазақстан туралы көп естідім. Білуімше, елдің оңтүстігі ауылшаруашылық өнімдері мен фармацевтика саласына қажет шикізатқа бай. Бизнес-ұсынысты қарастыруға дайын болғаным да осының дәлелі болса керек.

Сапар барысында бірнеше саладағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

ОЛЖАС ШЫНТАЕВ, ОҚО ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Краска шығаратын зауыт меморандум келісілді, меморандумға қол қойылды. Ханва группасымен бірге Сарыағаш аудандағы курорттық қалашықты одан әрі қарай дамыту, ол жерде термалды курорттар соғу, сондай-ақ гольф клубтар соғу және оны әрі қарай дамыту жоспарлары  келісілді.

Сеулде филология ғылымдарының докторы Жансейіт Түймебаев ғылым туралы да әңгімелесті. Ол Кореядағы қазақ тілі пәні оқытылатын жалғыз ЖОО-на барып, студенттермен кездесті. Оларды сөздік қорларын байыту үшін Шымкентке шақырды.