Әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» сөзі жазылған мемориал

Әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» сөзі жазылған мемориал

Елордада тарихи әрі саяси ерекше мәні бар «Бейбітшілік қабырғасы» қаланың көрікті жерлерінің біріне айналды. Бас шаһардың сәулетін көркейте түскен монумент – Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдық мерейтойына жасаған тартуы. Тәуелсіздік алаңында орналастырылған ескерткіш ұлттардың бір шаңырақ астындағы бірлігін бейнелейді. Осылайша, ол бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеп, елдегі ынтымақты бағалауға үндейді. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Бұл жобаны жасауға негіз болған идея – Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» манифесі. Сондықтан да монумент 29 тамыз – халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл әрекет күнінде ашылды.

АЛМАСБЕК ЕЛЕУОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

-  «Бейбітшілік» сөзінің 51 тілде жазылғаны символикалық мәнге ие. Әлемде кез келген халық жасампаздыққа, бейбіт өмірге ұмтылады. Біздің Елбасымыз да бейбітшілікке үндеп келеді.

Монумент металл мен табиғи тастан тұрғызылған. Архитекторлардың идеясына сәйкес, қабырға трансформацияланып, Қазақстанның көпұлтты халқына қорғаныс болар және барлық азаматтарды біріктіруші жапырақ түріндегі қорғанға айналады.

ӨРКЕН КЕНЖЕБЕК, ЖУРНАЛИСТ:

 - Мұндай қабырғалар, Парижде бар, Чикагода бар. Әлемдік өркениет бөлшегінің Астанада болуы бұл, әрине біз үшін қуаныш. Бұл Астананың сәулетіне қосылған сүбелі үлес.

Еліміздің ядролық қару-жарақтан толық бас тартуы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру бастамасы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын өткізуі, «Әлем. XXI ғасыр» манифесі, Сирия жөніндегі Астана процесі – осының бәрі Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан нақты үлесі.

РАШАД МАМЕДОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Бұл монумент әлем қауіпсіздігі саласындағы Қазақстанның бейбіт саясатының символы.  Қазақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы бүкіл Орталық Азияға қауіпсіздік сыйлады.

Дипломаттың айтуынша, жаңа монумент Қазақстанның ел ішінде ғана емес, жалпы әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті, тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы саясатының нышаны болып табылады.