Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов кітаптарының көрмесі

«Абайтанудың арқа тірегі». Мұхтар  Әуезовтың  туғанына 121 жыл толуына орай Семейдегі «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ұйымдастырылған кітап көрмесі осылай аталады. Келушілер назарына алғаш рет заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың қолтаңбасы қойылған туындылары ұсынылып отыр. Мәселен, қаламгердің «Абай жолы» романының 1948-жылғы нұсқасында «Абай музейіне арнаймын» деп жазған. Көрмеде мұнан өзге әр жылдардағы басылымдар және шет тілдердегі аудармалары қойылған.

МЕРУЕРТ АБЛАМБАЕВА, АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ БАС ҚОР САҚТАУШЫСЫ:

 - Біздің музейдің құрылуының басында осы Мұхтар Әуезов тұрғанын барлығы жақсы біледі. Музейдің жанашыры, осы музей үшін көп еңбек сіңірген деп айтамыз. Сондықтан да бұл Мұхтар Әуезовтың қол қойған әрбір қолтаңбасы, кітаптары музей үшін, жалпы халық үшін аса құнды жәдігерлер болып табылады.