Астанада «Позитив» атты қысқаметрлік фильмдердің I халықаралық фестивалі өтті

Адамдардың асқақ армандары мен жеңістерін баяндайтын туындылар. Астанада өмір жайлы 10 картина көрсетілді. «Позитив» атты қысқаметрлік фильмдердің тұңғыш халықаралық фестивалі режиссер, сценарист, оператор, актерлердің басын қосты. Ауқымды мәдени жобаға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның кино саласының мамандары жиналды.

НҰРГЕЛДІ САДЫҒҰЛОВ, «POSITIVE» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - 10 қысқаметрлі фильм Астананың 20 жылдығына арналған бір новеллаға біріктірілген. Барлық оқиғалар елордада өтеді. Бәрі астаналықтардың тағдыры жайлы. Олар түрлі мамандық иелері, әрқайсысы дара тұлға. Жанрлар да сан алуан. Комедия, мелодрама, драма бар. Негізінен фильмдер көңілді көтереді, ойландырады. Яғни барлық туындылардың соңы жақсылыққа ұласады. 10 фильм 13 аталым бойынша бағаланады. Жиналған қауымға ой салды деген сенімдеміз.

Әрбір картина алғашқы секундтардан бастап көрермен көңілін баурайды.  Өйткені небары 15 минут ішіне авторлар оқиғаның басынан бастап, шарықтау шегіне дейін сидырулары керек. Бастысы, көгілдір экранның ар жағындағыларға идеяларын жеткізе білулері тиіс. Бұл «Үздік фильм» аталымында жеңіске жеткен «Я тебя слышу» миниатюрасы авторларының қолынан келді. Кинотуындының режиссері Айгүл Ақсамбиева өздерінің картинаны түсіру кезіндегі сезімдерімен бөлісті.

АЙГҮЛ АҚСАМБИЕВА, РЕЖИССЕР:

 - Идеядан дайын туынды жасауға дейін 1 ай уақыт жұмсалды. Картина бір баланың тағдырына негізделген. Оның есту қабілеті нашар болады. Сондықтан мұны адамдарға жеткізу оңай. Бұл – өте жауапты іс. Өйткені еш нәрсені бұрмаламай жеткізу қажет. Еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымын.  

Картинаға белгілі ресейлік актриса Ирина Безрукова басты рөлдердің бірін сомдады. Ал өзбек құданың рөлінде көршілес елдің танымал актері Мурад Раджбаев. Оның ойынын фестиваль сарапшылары үздік деп таныды. Мұндай шығармашылық адамдардың үйлесімі әсем туындыға ұласатындығы бірден түсінікті болды.

МУРАД РАДЖАБОВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ ХАЛЫҚ АРТИСІ:

 - Өзбекстанда кино саласы біртіндеп дамып келеді. Әрине, кемшіліктері бар. Азын-аулақ жетістіктері де жоқ емес. Ақырындап алға жылжу байқалады. Қазақстанда да осындай жағдай деп ойлаймын. Менің ойымша, бұл фестиваль қазақстандық киноның болашағын анықтайтын болады. Бұл қуантарлық жағдай.

Шара ұйымдастырушылары қысқаметрлі фильмдердің кинофестивалін жыл сайын өткізбек. «Positive» жобасында үздік деп танылған туындылар өзге қалаларда да таныстырылатын болады.