«Томирис» фильмінің түсірілімі аяқталуға жақын

«Томирис» тарихи фильмін түсіру жұмыстары аяқталуға жақын. Шығармашылық ұжым Қапшағай, Шонжы мен Бурабайдағы түсірілім жұмыстарынан соң Алматыдағы «Қазақфильмге» ойысты. Киностудия аумағында тарихи туындының көне шаһар Вавилон жерінде болған оқиғалары таспаланды. Ежелгі қаланың нобайын келтіруге құрылысшылар 6 ай уақыт жұмсаған екен. Ал фильмдегі соғыс сахналарын ауқымды көрсету үшін компьютерлік технология қолданылды.  

АҚАН САТАЕВ, «ТОМИРИС» ФИЛЬМІНІҢ ҚОЮШЫ РЕЖИССЕРІ:

 - Үлкен және күрделі сахна. Фильмге 150 адамдай жұмылдырылды. Осы қатысатын адам санын, декорациялар және ескі Вавилон қаласының көлемін компьютердің көмегімен үлкейтеміз.

Тарихи фильмдегі негізгі рөлдерді ойнайтын актерлардың барлығы «Номад» жаттығу лагерінде арнайы дайындықтан өткен. Басты рөлге 15 мың қыз-келіншектің ішінен таңдап алынған Альмира Тұрсын 2 ай дайындықтан соң  ат жалын тартып мініп, семсерлесуді үйрендім, дейді.

АЛЬМИРА ТҰРСЫН, ТОМИРИС ПАТШАЙЫМ РӨЛІНДЕГІ АКТРИСА:

 - Қызықтармен қатар қиындықтар да болды. Кейбір кезде шаршайсың. Костюм кигенде ыстықтайсың. Атпен шабасың. Сондай-ақ көне түрік тілінде сөйледік. Тілің келмейді. 

Айта кетейік, фильмді түсіру жұмыстары өткен жылы қазан айында басталған еді. Осы уақытқа дейін басты роль мен эпизодта ойнайтын актерлерге арнап мыңға жуық, ал Томириске арнап 20 костюм тігіліпті. Сондай-ақ 10 мың қару-жарақ соғылған. Тарихи туынды келер жылдың наурызында көрерменге жол тартпақ.