Әлемге әйгілі бүркітші қыз тарихи отаны Қазақстанда білім алуға ниетті

Алты алаштың атағын аспандатқан бүркітші қыз тарихи отанында білім алуға ниетті. Айшолпан Нұрғайыпқызы Астанада ағылшын тілін меңгеруді жоспарлап отыр. Туған жерінде алған базалық білімі шетелдің атақты Гарвард университетінде оқуына мүмкіндік беретін болады.

ЕРЛАН САҒАДИЕВ, ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІ

-  Дүниежүзіне танымал бүркітшіні бүгінде әлем университеттері шақыруда. Десе де Айшолпан 2-3 жыл білімін Қазақстанда жалғастыру туралы шешім қабылдап отыр. Бұл Қазақстан-Монғолия ынтымақтастығын одан әрі нығайта түспек. Біз әрдайым ынтымақтастық шеңберінде жыл сайын осы ауданға оқулықтар мен кітаптар жіберіп тұрамыз. Онда шамамен 7-8 қазақ мектебі бар.

Әлемге әйгілі қазақстың қайсар қызы Қазақтанға алғаш рет келіп отыр. Мұнда Айшолпан туған жерінің тарихымен және көрікті жерлерімен танысты. Ол ұлттық мұражайдағы әрбір экспонатқа асқан қызығушылықпен қарады. Әсіресе, бүркітші қызды павильондағы жыртқыш құстың қарақшы бейнесі қызықтырды.

АЙШОЛПАН НҰРҒАЙЫПҚЫЗЫ, БҮРКІТШІ:

-  Саятшылықтың 2 мың жылдық тарихы бар. Менің ағам да бүркітші болды. Оқу бітті, одан кетті. Бүркіті калды. Кейін сол бүркітті мен баптап ұстадым. 8 жасымнан бастап ұстаймын, 10 жасымнан бастап әкеммен бірге тауға шығып аң ұстадым. Бүркіт  жаз айында 15 -20 кг болады. Қыс айында 8-10 кг болады.

Саятшылық дәстүрді ұстанған ең жас қыз ретінде танымал болған Айшолпанды әлем 2 жыл бұрын таныды. Аушы құстармен аң аулауды асқан шеберлікпен меңгерген Моңғолияның кішкентай тұрғыны туралы америкалық режиссер Отто Белл қысқаметражды фильм түсірген. Айшолпанның жеті атасы да аң аулау дәстүрімен айналысқан. бүркітші қыздың әкесі бар білім-түйгенін төрт баласының ішінде Айшолпанға үйреткен. Себебі, оның ойынша, бұл қасиет тек Айшолпанға ғана дарыған.

Қазіргі заманғы көшпелі өмірдің нышанына айналған бүркітші қыз туралы шетелдік ақпарат құралдары жарыса хабарлап, қызығушылық танытып жатыр. Бүгінде Айшолпан шартараптың 30 елін аралап үлгерген. Сол тізімде енді оны тарихи отаны – Қазақстан да бар.