Әкім Таразиға арналған кітаптар жарық көрді

«Тарази тағылымы». Елордада мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, драматург, киносценарист, профессор Əкім Таразидың 85 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиында «таразитанудың» алғашқы қарлығаштары сөз зергеріне арнап жазған қос кітаптың тұсауы кесілді. Қалың оқырманға жол тартқан еңбектердің бірі «Жазушы жаны» деп аталады. Оған авторы Ұларбек Нұрғалымұлының сараптамалық мақалалары еніп отыр. Кітапта Әкім Тарази шығармашылығындағы кейіпкерлер бейнесі мақал-мәтелдерде айтылатын қазақ болмысымен салыстыра зерттелген. Әкім Тарази әдебиеттің ғана емес кино мен театр драматургиясының алыбы саналады. Жазушы құрметіне жарық көрген «Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» атты енді бір туынды авторы –Нәзира Мұқышева. Кітап деректі мұрағат құжаттарының негізінде жазылған.

НӘЗИРА МҰҚЫШЕВА, КИНОТАНУШЫ, ӨНЕРТАНУ КАНДИДАТЫ:

 - Шын мәнінде бұған дейін мұндай форматтағы кітаптар болған жоқ. Бұл – енді ең алғашқысы. Қиындығы сол болды. Менің алдымда ешқандай үлгі болған жоқ. Бүкіл архив материалдары орысша, тіпті сценарийі орысша жазылған. Бүкіл хаттамалар, барлық құжаттар орыс тілінде. Кітап қазақ тілінде жазылып жатқаннан кейін сілтемелердің барлығын қазақшаға аударуға тура келді.

ӘКІМ ТАРАЗИ, МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ, ДРАМАТУРГ, КИНОСЦЕНАРИСТ, ПРОФЕССОР:

 - Лауреатта болдым, бәрі бар, шетелге шығып жатырмын. Бірақ өзімді бәрібір сынаймын. Себебі тоқтап қалсам болды, менің біткенім ол. Содан кейін мен сызып оқимын. Мен мына жерде жақсы жазған екенмін, мына жері онша емес деп. Оның бәрі менде бар. Жазушы өзін-өзі аямауы керек. Өзінен өзі мейірленіп тоқ болып жүрген адамнан ештеңе шықпайды. Өзін сынай білетін адамнан ғана шығады.