Қазақ ертегілері Оңтүстік Корея көрермендеріне көрсетілді

Оңтүстік Кореяда өткен дәстүрлі кітап фестивалінде алғаш рет қазақ шығармалары жұрт назарына ұсынылды. «Алдар Көсе» мен «Кім күшті?» ертегілерінің тұсаукесер рәсімін Сеулдің Сонбук аудандық мәдениет қоры ұйымдастырды. Осы қорда қазақстандық Әсел Маханова жұмыс істейді. Жерлесіміздің сыртта жүргеніне 13 жыл болған екен. Дегенмен, ол алтын ұя Отанын ұмытпайды. Жергілікті тұрғындарға қазақ мәдениеті жайлы баяндаудан жалыққан емес. Ертегі айту бір бөлек, Әсел фестиваль қатысушыларына қазақтың ұлттық ойыны – асық атуды да үйретті.

ӘСЕЛ МАХАНОВА, СЕУЛ ҚАЛАСЫ СОНБУК АУДАНЫ МӘДЕНИЕТ ҚОРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - 5 жыл бойы мен осы фестивальге қонақ ретінде қатыстым. Ал биыл Қазақстанның атынан қатысып, кореялық түрғындарға қазақтың мәдениетін  таныстырдым.

Жалпы, кітап фестивалі Сеулде VIII рет өтіп отыр.  Биыл оған Сеулдегі 94 мәдени ұйым қатысты. Шараның мақсаты – балаларды кітап оқуға ынталандыру.

ЛИ ДЖИН У, СЕУЛ ҚАЛАСЫ СОНБУК АУДАНЫ МӘДЕНИЕТ ҚОРЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

 - Жылдан жылға оқырмандар саны азайып барады. Бұл сандық технологияның дамуымен байланысты. Кітап сату да азайды. Сондықтан біз балаларды кітап оқуға шақырамыз және өзге ұлттардың салт-дәстүрі, мәдениетімен сусындатуға тырысамыз.