Қазақтың құрақ көрпесі Гиннестің рекордтар кітабына енді

Қазақтың құрақ көрпесі Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл әлемдік рекордты ресми түрде тіркеу үшін Ұлыбританиядағы бас штаб өкілдері Алматыға арнайы келген. Әр түсті мата қиындыларынан тігіліп өрнектелген көрпенің ұзындығы 10 километр 900 метрді құрады.

ДЖОАН БРЕНТ, ГИННЕСС РЕКОРДТАР КІТАБЫ БАС КЕҢСЕСІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Бұған дейін әлемдегі ең ұзын көрпе бойынша рекорд 2016 жылы Малайзияда тіркелген болатын. Оның ұзындығы 1128 метрді құрады. Бүгін біз арнайы шақыртылған мамандардың көмегімен және лазерлік жабдық арқылы қазақстандық шеберлер қолдан тіккен көрпенің ұзындығын өлшедік. Ол әлемдік рекорд орнатты. Осыны дәлелдейтін ресми құжатты да табыстадық. 

Қазақ халқының көнеден келе жатқан әдісімен құрақ көрпені тігуге 500-ден астам адам жұмылдырылды. Шеберлердің басым бөлігі – қалалық кітапхана қызметкерлері. Алматылық тұрғындар да түрлі-түсті мата қиындыларын әкеліп, рекордты көрпені тігуге атсалысты.

РОЗА ҚАБИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Мұның бәрі осы 5 айда тез тігіле қалған дүние емес. Қанша адамның еңбегі бар бұл жерде. Сол еңбектің жемісі бүгін ақталып жатыр. Сондықтан бүкіл қалалықтарды үлкен жеңіспен құттықтағым келеді.  Бұл қаланың – жеңісі. Тұрғындардың жеңісі деп санаймын.

Айта кетейік, ең ұзын құрақ көрпені тігу үшін қазақстандық шеберлер 5 ай уақытын сарп еткен. Ұжымдық жұмыстарының  жоғары бағаланғаны оларды қуантып отыр. Қазіргі кезде қазақ халқының ежелгі төл өнері – құрақ көрпе тігу дәстүріне деген қызығушылық артып келеді. Шетелдік қонақтар да түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген бұйымдарды дайындау техникасын игергілері келетіндерін айтады. Бұл – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, әлемдік жаңғыртудың бірден бір жолы.