Монакода өткен «Астана Балет» гастролі

Қазақстандық әртістер әлем сахнасын бағындыруда. «Астана Балет» театры Монако көрерменін таң қалдырды. Театрдың жас солистері мен балет труппасы  әлемге танымал «Гримальди форумда» өнер көрсетті.  

ДИЛАРА ШОМАЕВА, «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ СОЛИСІ:

-  Біздің «Астана Балет» театры Монтекарлодағы «Гримальди Форумда» өнер көрсетіп жатыр.  Біз үшін бұл керемет қуаныш. «Астана Балет Гала» бағдарламасы мұндағы жұртшылықтың көңілінен шығып жатыр деп толық сеніммен айта аламын. Әртістердің көңіл күйі де, дайындықтары да өте жақсы.

Бағдарлама 3 бөлімнен тұрады. Оған «Ұлы Дала мұрасы» халықтық билер топтамасы  мен неоклассика мәнеріндегі камералық спектакль – Love. Fear. Loss және A Fuego Lento бір актілі балеттері енген. Қойылымды тамашалауға келген шетелдіктер Қазақстанның балет өнерінің деңгейін жоғары деп бағалауда.   

СИМОН МИШЕЛЬ ДРАЙФУС, КӨРЕРМЕН:

-  Біз Қазақстан туралы көп білмейміз. Бірақ осы спектакльден кейін қызығушылығым арта түсетін болады. Қойылымдағы әрбір образ керемет сомдалды. Сол арқылы сіздердің елмен таныстық. Киімдері, музыкасы, безендірілуі бәрі де бір-бірімен үйлесіп тұр. Солистер де, балет бишілері де тамаша өнер көрсетті.

ФРАНС НОРМАЛФОНДС, КӨРЕРМЕН:

-  Маған, әсіресе қойылымда фольклорға басымдық бергені ұнады. Ұлттық салт-дәстүрді осылай өзгелерге көрсете білгені, таныта білгенін қолдаймын. Керемет әсер алғанымды айта кеткім келеді.

Монако тұрғындарын тәнті ету оңай емес. Себебі мұндағы мәдениет ошақтары танымал театрлар мен балет труппаларынан босамайды. Ал «Астана Балет Гала» қойылымына көрермендер ыстық ықылас білдірді. Әртістерге ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті.

ДИДЬЕ ЛАМБЕЛЕТ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ДИРЕКТОР:

 - Мен бұған дейін «Астана Балет» театрының өнерін Парижде тамашалағанмын. Енді міне, олар Монакода өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Труппа құрамы өте жас. Олардың артықшылығы да осыда деп ойлаймын. Алдағы уақытта біздің  мәдени байланысымыз бұдан да әрі арта түспек.  

Естеріңізге сала кетейік, «Астана Балет» театрының гастрольдік сапары «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.