«Junior Eurovision 2018»: Үміткерлер қалай дайындалуда?

Оралдық Ержан Максим – Балалар Еуровидениесі халықаралық байқауына қатысуы мүмкін 10 үміткердің бірі. 11 жастағы бүлдіршін осы күнге дейін әлемнің 4 елінде өткен ән байқауларында топ жарған. Талантты жеткіншектің өнерін Ресей, Латвия, Грузия, тіпті Италияның өнерсүйер қауымы мойындады. Жас өнерпаз алдағы айтулы бәйгеге де қызу дайындық үстінде. Ән айтудан қолы қалт еткенде, Максим футбол ойнағанды ұнатады.

ЕРЖАН МАКСИМ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

-  Мен спорттың футбол ойынын жақсы көремін және шорт-трек коньки түрін де ұнатамын. Бос уақытымда үйімнің артында алаң бар, сол жерде балалармен футбол ойнаймын. Сабаққа келген кезде ағай да футбол ойнатады. 

Дарынды әнші саз үйірмесіне 5 жасынан бері қатысып келеді. Баласының әнге деген құштарлығын алғаш ата-анасы байқапты. Арада көп уақыт өтпей ол қалалық «Балдәурен» байқауының жүлдегері атанады. Кейін «Балбөбек», «Алтын микрофон», «Бозторғай» секілді республикалық сындарда үздіктер сапынан көрінді.

ДАРИЯ БАХЫТОВА, МУЗЫКАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Оның осы кезге дейін жинаған тәжірибесі мол. Қоржынында халықаралық байқаулар өте көп. Дауысы өте жақсы, диапазоны өте кең. Әнге өте құшар, тез жаттап алады, тез орындайды. Жүрегімен түсіне орындайды. Қазір үлкен дайындық үстінде, ән жаздыртып, оны енді қазір дайындалып әбден пісіріп апару керек.  

ГҮЛМИРА ӘЛІБЕК, АНАСЫ:

-  Ержанның мінезі жақсы, өзін ұстай алады. Сахнада өзін көптен ән айтып келе жатқан артист ретінде салмақты, халықпен жұмыс істей алатындай жақсы ұстайды. Ал былай өз ортасында өте ашық, көңілді, достарымен, кез келген адаммен тез тіл табысады, өте бауырмал. Конкурс бала үшін үлкен тәжірибе, өзі болашақта Димаш ағасы сияқты елін танытқысы келеді.

Қазір Ержанның репертуарында 30 шақты ән бар. Талапты жас бұл тізімді үнемі көбейтіп отыруға күш салады. Вокал сабақтарының көмегімен шығармаларды орындауға, кәсіби тұрғыдан өсуге мән артады. Осыдан 2 жыл бұрын ол отандық әншілердің танымал туындыларын ғана орындайтын. Қазір олардың орнын әлемдік деңгейдегі классикалық шығармалар мен халық музыкасы басқан.