Балалар Евровидениесінде Қазақстан атынан кім өнер көрсетеді?

Балалар Евровидениесінде Қазақстан атынан кім өнер көрсетеді? Үміткерлер байрақты бәсекеге қызу дайындалып жатыр. Ерекше даусымен, тума талантымен көзге түскендердің бірі – астаналық Сүйкім Қабылбек. 13 жастағы жасөспірім бала күнінен өнерге құштар болып өскен. Вокалдан дәріс беретін ұстазы дарынды шәкіртінің межелеген биігін бағындыратынына сенімді.  

ЗАКИРА ҚҰРМАНБЕКҚЫЗЫ, МУЗЫКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

 - Сүйкімнің вокалдық мүмкіндіктері өте жоғары. Ізденгіш. Жоғары ноталарды жақсы алады. Өзінің жеке авторлық әндері де бар.

Ұлттық іріктеудің талабы бойынша, жас әншілер гала-концертте орындайтын әндер бұрын-соңды еш жерде айтылмаған болуы тиіс. Сүйкім Қабылбек өзі шырқайтын авторлық әні туралы сондықтан да сыр сақтап, тіс жармай отыр.

СҮЙКІМ ҚАБЫЛБЕК, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Байқаудың талаптары бойынша жаңа ән болу керек болды. Сондықтан сол талаптар бойынша ән жаздырттық. Осы ән арқылы өзімнің елімнің қандай көркем, байтақ екенін, кең екенін көрсеткім келді.

Қазақстан атынан жобаға қатысам деуші тағы бір үміткер 10 жастағы Бинұр Саудабай. Ол әр жемісті жетістіктің артында қажырлы еңбек жатады деген пікірді ұстанады.

БИНҰР САУДАБАЙ, ҰЛТТЫҚ ІРІКТЕУГЕ ҚАТЫСУШЫ:

 - Маған ресейлік әнші Полина Гагарина ұнайды. Біздің даусымыз ұқсас. Атап айтқанда жоғары әрі ұзын ноталарымыз сәйкес келеді.

Бинұрдың вокалдық продюсері бар тәлім-тәрбиесін бергені көрініп тұр. Себебі сахнада жас таланттың өзін-өзі ұстауы, сезімдегі сенімсіздікті сейілткенін көрсетеді. Бұл – жеңіске деген бір қадам.

ПОЛИНА ДУМИТРЕСКУ, ПРОДЮСЕР:

-  Бинұр - ең жас қатысушы. Ол небары 10 жаста. Бірақ кішкентай болғанымен, алдына мақсат қоя біледі. Ол өз-өзімен жұмыс істей алады. Сондай-ақ қойылым алдында қобалжымайды.

Айта кетейік, 22-ші қыркүйекте «Алматы-Аренада» өтетін гала концертті «Хабар» және «Kazakh TV» арналарынан тамашалауға болады. Көрермендердің қалаған үміткерге дауыс беріп, жеңімпазды анықтауға үлес қосуға мүмкіндігі бар. Үздік шыққан жас дарын қараша айының 25-інде Минскіде өтетін Балалар Евровидениесінде ел намысын қорғау құқығына ие болады.