22 қыркүйекте «Junior Eurovision 2018» байқауына Қазақстан атынан баратын әншінің есімі белгілі болады

22 қыркүйек күні балалар Еуровидениесі Халықаралық ән байқауына Қазақстан атынан қатысатын әншінің есімі белгілі болады. Ең талантты жас үміткерді қазылар алқасы мен көрермендер дауыс беру арқылы таңдайды. Жеңімпаз 25-ші қарашада Минскте өтетін басты байқауға жол тартады. «Junior Eurovision 2018» жүлдесінен үміткер жас әншілердің арасында 12 жасар Жәнел Қалдыбек те бар.  

Бүлдіршін музыка әлеміне осыдан 3 жыл бұрын қадам басқан екен. Қазір ол түрлі жанрдағы әндерді орындайды. Бірнеше республикалық және халықаралық фестивальдердің жеңімпазы. Бұған қоса, Жәнел – фортепиано, гитара және укулеле секілді 3 бірдей аспапты жақсы меңгерген әмбебап өнерпаз.   

ЖАНЕЛЯ ҚАЛДЫБЕК, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ:

 - Кішкентай кезімде ескі әндерді айтатынмын. Анам менің қабілетімді байқағаннан кейін кәсіби мамандарға бере бастады. 8 жасымнан бастап пианинода, одан кейін гитарада ойнап үйрендім. Қазір мен әнді хобби үшін емес, жаным қалаған соң шын жүректен шырқаймын. Осындай байқаулардың маған берері өте көп.

Жәнел қазақ, орыс және ағылшын тілінде ән шырқайды. Өзі айтқандай оның үні көмейден емес, құдды бір жүрегінің түкпірінен шығатындай. Бүлдіршін болашақта әлем сахналарын бағындырып, киноға түсуді армандайды.