Америкалық кәсіпкер Қазақстаннан жылқы жалын сатып алуда

Сән индустриясында аса сұранысқа ие өнімдердің бірі - жылқы қылы. Бұл тауарды америкалық кәсіпкер Ашок Жалани Қазақстаннан сатып алғанды жөн көреді. Кәсіпкердің айтуынша, әр қазанаттан 200 грамнан асар-аспас қыл қиылады. Одан сән индустриясының өнімдері мен музыкалық аспап жабдықтары жасалады. Бизнестің бұл саласында 20 жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан  кәсіпкер  қылдан скрипка, виолончель ысқысын, қылқалам, әйелдерге арналған жасанды кірпік пен шаш, тіпті тіс щеткасын жасайды.

АШОК ЖАЛАНИ, КӘСІПКЕР, АҚШ:

- Бізді ақбоз түсті жылқылар қызықтырады. Егер Қазақстанда 2 миллионға жуық жылқы болса, соның 10-нан бір бөлігі ғана осы түстегі аттар.

Бұған дейін Моңғолия мен Қытайда шикізат өнімдерін дайындап көрген Ашок Жалани ондағы шикізаттың сапасы көңілінен шықпағанын айтады. Кәсіпкер қазақстандық жылқы қылының сапасын жоғары бағалайды. Енді шетелдік бизнесмен алдағы уақытта біздің елде де кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.     

АШОК ЖАЛАНИ, КӘСІПКЕР, АҚШ:

- Алғашқы уақытта айына 100 келіден алсам деймін. Жақын күндері Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарын аралаймын. 

Ғалымдардың айтуынша, жылқының жалы бір жарым, екі жылда қайта қалпына келеді. Бастысы, оны уақытында, яғни күзде және дұрыс күзеу маңызды. ​